Елде мұнай өндіру мен экспорт көлемі жоғары деңгейде сақталғанымен, мұнай-газ саласында шешімін таппаған құрылымдық мәселелер әлі де бар. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, саланың басты түйткілдері мұнай өңдеу қуатының шектеулігі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне байланысты туындап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Кей өңірлерде Каспий құбыр консорциумына байланысты сын айтылып жатыр. Бірақ нақты дерекке сүйенсек, Қазақстан 2024 жылы жоспарды орындап қана қойған жоқ, іс жүзінде рекордтық нәтижеге жетті. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнай өндіру көлемі 90,5 млн тоннадан асты”, - дейді сарапшы.
Бұл жоспардан төмен болғанымен, өңдеу мен экспорт көрсеткіштері жоғары деңгейде сақталды. Мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тонна, ал мұнай өнімдерін өндіру 14,5 млн тонна болды.
Сарапшының сөзінше, мұнай өндірісіндегі ауытқулар техникалық әрі инфрақұрылымдық факторларға тікелей байланысты.
“Мұнай-газ саласын бір ғана санмен бағалау дұрыс емес. Бұл - күрделі экожүйе. Мұнда өндіріс, тасымал, өңдеу және нарықтық жағдай бір-бірімен тығыз байланысты”, - дейді ол.
Кімдер өндіреді, қай өңір алда?
Қазақстанда бүгінде 95 мұнай өндіруші компания бар. Соның ішінде 30 ірі компания елдегі жалпы өндірістің 97%-ын қамтамасыз етіп отыр. Көш басында Теңізшевройл компаниясы тұр, оның үлесі 31,7%. Одан кейін NCOC (Қашаған) және ҚПО (Қарашығанақ) орналасқан.
Елде өндірілетін мұнайдың басым бөлігі Атырау облысына тиесілі (56%), одан кейін Маңғыстау облысы (20%) мен Батыс Қазақстан облысы (13%) орналасқан.
Ал Қызылорда облысында кейінгі бес жылда мұнай өндіру көлемі шамамен 40%-ға төмендеген.
“Қызылордада құлдырау анық байқалады. Бұл кен орындарының ескіруімен байланысты. Дегенмен терең бұрғылау арқылы жаңа қабаттардан мұнай табу мүмкіндігі бар”, - дейді сарапшы.
30 жылдағы нәтиже
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 2 млрд тонна мұнай өндіріп, жалпы 1 трлн доллар көлемінде табыс тапты. Бірақ бұл сома таза пайда емес.
“Көпшілік 1 трлн долларды пайда деп қабылдайды. Шын мәнінде, оның шамамен 30%-ы өзіндік құнға, 30%-ы салыққа, содан қалғаны компаниялардың кірісіне тиесілі. Бірақ бұның өзі ел экономикасы үшін аса маңызды”, - дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Сөзінше, бұл қаражат республикалық бюджетке, жергілікті бюджеттерге және Ұлттық қорға бағытталады.
Қазақстан мұнайы қай елдерге кетіп жатыр?
2024 жылы Қазақстан сыртқы нарыққа 71 млн тонна мұнай экспорттады. Экспорт құрылымына көз жүгіртсек, қазақстандық мұнайдың негізгі бөлігі Еуропа елдеріне бағытталған. Бұл Қазақстан мұнайының дәстүрлі түрде еуропалық нарыққа бейім екенін көрсетеді.
Ең ірі импорттаушы ел - Италия. Аталған елге бір жылда 30,7 млн тонна мұнай жеткізіліп, жалпы экспорттың 43%-ын құрады. Италиядан кейінгі орында Нидерланды (7,7 млн тонна), үшінші орында Франция, оған 5,2 млн тонна мұнай жөнелтілген.
Сондай-ақ Қазақстан мұнайы Румыния мен Грекияға тұрақты түрде экспортталады. Бұл елдер Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттары арқылы қазақстандық шикізатты өңдеп, ішкі нарығын қамтамасыз етіп отыр.
Еуропадан бөлек, Қазақстан мұнайы Қытай, АҚШ, Түркия, Корея, Сингапур секілді елдерге де жеткізіледі. Дегенмен олардың үлесі Еуропа нарығымен салыстырғанда төмен.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, Италия статистикада алдыңғы қатарда көрінгенімен, қазақстандық мұнайдың негізгі бөлігі іс жүзінде Германия нарығына бағытталған.
“Италия бірінші орында тұр. Бірақ бұл – техникалық статистика. Себебі қазақстандық мұнайдың едәуір бөлігі Италия порттары арқылы өтіп, кейін Германиядағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Сондықтан нақты тұтыну тұрғысынан қарасақ, Германия көш бастап тұр”, - дейді сарапшы.
Жалпы, экспорт бағыты әртараптандырылғанымен, Қазақстан мұнайының басым бөлігі әлі де Каспий құбыр консорциумы (ҚКК) арқылы Еуропа бағытына тәуелді. Сарапшының айтуынша, бұл тәуелділік экспорттық инфрақұрылымды әртараптандыру мәселесін күн тәртібінде ұстап отыр.
Экспорттағы орташа баға
2024 жылы Қазақстан мұнайын экспорттаудағы орташа баға бір тонна үшін 604 долларды құрады. Баға айырмашылығы жеткізу бағытына, логистикаға және келісімшарт шарттарына байланысты қалыптасқан.
Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш ел экономикасының ұзақмерзімді мүддесін толық қамтамасыз ете алмайтынын айтады. Себебі Қазақстан әлі де мұнайды негізінен шикізат күйінде экспорттап отыр.
“Экспорт бағыты кеңейгенімен, біз әлі де шикізатқа тәуелдіміз. Ал қосылған құнды арттыру үшін өңдеу қуатын күшейту қажет. Мұнайды сол күйінде сатумен ұзаққа бару қиын”, - дейді сарапшы.
Саланың әлсіз тұсы
Сарапшының айтуынша, қазіргі ең үлкен мәселе мұнай өнімдерін тасымалдау.
“Атыраудан Алматыға бір тонна мұнай өнімін жеткізу шамамен 100 доллар тұрады. Теміржол логистикасы қымбат, баяу әрі локомотив тапшылығына тәуелді. Бұл – жүйелі проблема”,- дейді ол.
Осы себепті мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және жаңа МӨЗ салу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қазіргі таңда 5 мың метрден асатын терең бұрғылау жұмыстары басталды. Палеозой қабатында мұнай бар деген ғылыми болжам бар. Осыған байланысты Жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер енгізіліп, күрделі жобаларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Сонымен қатар Шымкент МӨЗ-ін 12 млн тоннаға дейін кеңейту, 10 млн тонналық жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.
“Халық саны өсіп келеді, жанармай тұтыну артады. Сондықтан жаңа зауыттар – экономикалық қана емес, стратегиялық шешім”, - деп түйіндеді Нұрлан Жұмағұлов.
