Қазақстандағы көшбасшы әйелдер буыны: олар қай салаларда еңбек етуде?

Қаракөз Амантай 07 нау. 2025 14:20 1756

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі мен олардың қаржы, өндіріс, әлеуметтік салалардағы жетекші рөлі жыл санап артып келеді. Олар шағын және орта бизнесте ғана емес, ірі компаниялар мен банктердің басқару құрылымында да жоғары лауазымдарға ие. Көшбасшы әйелдер экономиканың әртүрлі секторына жаңашылдық енгізіп, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бизнесте және қаржы секторында әйелдердің болуы неліктен маңызды?

Әйелдер басқаратын компаниялар мен қаржы ұйымдары көбінесе тұрақтылыққа, ұзақ мерзімді стратегияға және әлеуметтік жауапкершілікке ерекше назар аударады. Олардың көшбасшылық стилі бизнес пен экономиканың тұрақты ілгерілеуіне ықпал етеді.

Статистикаға сүйенсек:

Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 43%-ын әйелдер басқарады.

Қаржы секторының 50%-дан астамы әйел қызметкерлерден тұрады, ал олардың бірқатары жетекшілік қызметтерді атқарады.

Банк секторында әйелдердің үлесі артып, бірнеше ірі қаржы институттарын әйел басшылар басқарып отыр.

Әйел кәсіпкерлер негізінен білім беру, денсаулық сақтау, сауда-саттық, қызмет көрсету салаларында көптеп кездеседі.

БҰҰ-ның зерттеулеріне сәйкес, әйелдер кәсіпкерлігі жұмыс орындарын көбейтіп, экономикалық өсімді жеделдетуге ықпал етеді.

Қазақстандық бизнестегі және банк секторындағы көшбасшы әйелдер

Үміт Шаяхметова – банк секторындағыкөшбасшы

Үміт Болатханқызы Шаяхметова – Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі Halyk Bank-тің басқарма төрайымы. Оның жетекшілігімен банк еліміздегі қаржы жүйесінің негізгі тіректерінің біріне айналып, цифрландыру мен инновация бағытында үлкен жетістіктерге жетті.

Ләззат Ибрагимова – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асырушы

Ләззат Еркінқызы Ибрагимова «Отбасы банк» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. Бұған дейін «Отбасы банктің» басқарма төрайымы, "Бәйтерек" Холдингі төрағасының орынбасары болған. "Даму"кәсіпкерлікті дамыту қорын басқарып, 20 жылдан бері шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мәселелерін зерттеп келеді.

Инвестиция, өндіріс және құрылыс секторындағы әйелдер

Айнұр Шәненова – инвестициялық холдингті басқарушы

Айнұр Шәненова – “KIPROS” жеке инвестициялық холдингінің бас директоры. Қазақстанның ірі ұлттық компанияларында басқару және стратегиялық даму саласында көп жылдық тәжірибесі бар. Ол “Қазақстан темір жолы” АҚ бас директорының бірінші орынбасары, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ мұнай кәсіпшілік қызметтері жөніндегі басқарушы директоры болған.

Алтынай Қонысбаева – құрылыс және девелопмент саласындағы жетекші

Алтынай Қонысбаева Mercury Properties компаниясының бас директоры. Оның басқарушылық тәжірибесі 20 жылдан асады, бұған дейін “Kcell” АҚ, “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ, “ҚазТрансОйл” АҚ сияқты ірі компанияларда жетекші қызметтер атқарған.

Динара Шүкіжанова - машина жасау саласындағы жетекші бизнес өкілі

Динара Шүкіжанова – Қазақстан Республикасы Мәжілісінің VIII шақырылымдағы депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті (2022). Ол «Республика» партиясының теңтөрағасы әрі бизнестегі танымал жас әйел.

Әйел кәсіпкерлерге қандай қолдау бар?

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін әртүрлі бағдарламалар іске қосылған:

“Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары” – кәсіп ашқысы келетін әйелдерге кеңес береді.

“Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы – кәсіпкерлерге мемлекеттік субсидиялар ұсынады.

Микронесиелер мен гранттар – әйелдердің стартаптарын қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Қайырымдылық және білім саласындағы көшбасшы әйелдер

Динара Құлыбаева – білім мен әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетуші

Динара Құлыбаева – еліміздегі ең ірі білім қорларының бірі NNEF қорының негізін қалаушы. Оның бастамасымен көптеген білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет жобалары жүзеге асуда.

Әсел Тасмағамбетова – экологиялық және әлеуметтік жобалардың бастамашысы

Әсел Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік даму саласында белсенді жұмыс істейді. Ол “Сәби” қоры арқылы білім беру, медицина және экология бағыттарында көптеген қайырымдылық жобаларын жүзеге асырып келеді.

Гүлжан Асанова – балаларға қамқорлық көрсетуші

Гүлжан Сатылхановна Асанова – Қазақстанның SOS Балалар ауылдарының ұлттық директоры. Ол балаларға қамқорлық көрсету саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. Гүлжан ханымның басшылығымен ұйым көптеген балалар мен отбасыларға көмек көрсетіп, олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.

Екатерина Смолякова білікті педагог және тіл жанашыры

Екатерина Смолякова - жаңа тағайындалған ҚРМәжілісінің депутаты. Ресейдің тумасы Смолякова Қазақстанға көшіп келгеннен кейін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша филология факультетінде оқыды. Ол еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мектептен бастап, кейін колледжде жалғастырды. 2016 жылдан ҚБТУ-да оқытушы болып жұмыс істеп, проректорлық қызметке дейін көтерілді.

Спорт және экстремалды туризмдегі әйелдер

Мақпал Бурашева – Қазақстандағы әйелдер альпинизмінің көшбасшысы, бірнеше әлемдік шыңдарды бағындырған спортшы. Ол жастарды альпинизмге баулып, таулы аймақ туризмінің дамуына үлес қосып келеді.

Абиба Әбужақынова – дзюдошы. Ташкенттегі әлем чемпионатында медаль алған тұңғыш қазақ қызы атанды. Ол 48 келі салмақта үздік үштікке енген болатын.

Ольга Рыпакова - жеңіл атлет. Қатарынан үш Олимпиадада жүлде алған. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанса, 2008 жылғы ойындарда екінші, 2016 жылғы Рио додасында үшінші орыннан көрінді. Ольга Олимпиаданың жүлделер жиынтығын толық жинаған Қазақстандағы жалғыз спортшы әйел. Сондай-ақ, ол үш қарғып секіруден Азия рекордының иегері.

Медиа және мәдениет саласындағы топ-менеджерлер

Ләззат Танысбай – медиа менеджер және журналист

Ләззат Мұратқызы Танысбай – қазақстандық журналист және медиа менеджер. 2019 жылдың сәуір айынан бастап құрамына республикалық 4телеарна және 4 радио, сондай-ақ 14 аймақтық телеарна кіретін “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ басқарма төрайымы қызметін атқаруда.

Мақпал Жұмабай – әдебиет, өнер және медиа саласының менеджері

Мақпал Жұмабай – ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі. Қазақстанның www.kitap.kz ашық кітапханасы, ÓzgeEpic қазіргі заманғы өнер кеңістігі секілді тың жобалары арқылы әдебиет пен мәдениеттің дамуына елеулі еңбек сіңірді. Қазіргі уақыттаШ.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры.

Келешектің көшбасшылары

Қазақстанда жаңа формациядағы әйел көшбасшылар қалыптасты. Олар – бүгінді емес, болашақты өзгертетін жандар. Алдағы уақытта олардың есімдері технология, қаржы, экология және мәдениет салаларында айқын танылады.

Олар – елдің дамуын жеделдететін күш. Жаңа идеяларымен, батыл шешімдерімен Қазақстанды жаһандық деңгейде ілгерілетеді. Ең бастысы – келер ұрпаққа үлгі болып, теңдік пен прогрестің негізін қалайды.

Олар – келешекті жасайтын тұлғалар!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар