Қазақстандағы ірі жобаның артында "Путиннің достары" тұр

Қазақстандағы ірі жобаның артында "Путиннің достары" тұр

“Самұрық-Қазына” АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов Бірыңғай зейнетақы қорындағы 1,5 триллион теңге көлеміндегі қаражат энергетикалық жобаларға қалай жұмсалатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Рысқұлов ел үкіметі әр жобаны мұқият қарастыратынын атап өтті. Ал басты операторлар “Самұрық-Қазына” және “Бәйтерек” холдингі болады. Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор жобада қазақстандық жүйеге басымдық берілетінін жеткізді. Оның сөзінше, жобаларды жүзеге асыру үшін қаражат өз қажеттілігіне қарай бөлінеді.

Сондай-ақ ол бірыңғай зейнетақы қорынан түсетін 1,5 триллион теңгенің бір бөлігі ЖЭО жобаларын қаржыландыруға жұмсалатынын айтты. Естеріңізге сала кетейік, Ресей жылу электр станциясын Қазақстан үшін салып жатыр. Қазіргі таңда ресейлік серіктестермен үш ЖЭО-ны іске асыру талқыланып жатыр.


Бұған дейін Қазақстан үкіметі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларын салу жобасына байланысты қаулы дайындаған болатын.


Осыған байланысты Қазақстаннан “Самұрық-Энерго” АҚ тапсырыс берушінің қызметін атқарады. Ал Ресейден Интер РАО компаниясына кіретін “Интер РАО– Экспорт” бас мердігер ретінде жұмыс істейді.


Аталмыш жобалар үш кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезеңде жобалардың әрқайсы үшін қажетті сараптамаларға байланысты жобалық құжаттама әзірленеді. Мұнда даму электр станцияларын қатты отыннан табиғи газға ықтимал түрлендіру көзделеді. Екінші кезеңде жұмыс құжаттамасы әзірленеді. Нақтырақ айтсақ, жабдықтар мен материалдарды жеткізу, сонымен қатар құрылыс-монтаждау және іске қосу жұмыстары қамтылады. Ал үшінші кезең электр станцияларының экологиялық көрсеткіштерін қамтамасыз ететін газды тазарту жүйесіне қатысты қызметтер көрсетуді қарастырады.


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа ЖЭО құрылысын Путиннің “санкцияға ұшыраған” олигарх достарының компаниясы қолға алатыны хабарланған болатын.


Интер РАО мәлімдеуінше, “Интер РАО - Экспорт” компаниясының Қазақстандағы жобаларға қатысуы EPC(M) мердігері ретінде қарастырылады. Олар құрылыс нысанын кешенді жобалауды, салуды және пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Яғни, қазақстандық тапсырыс берушіге оларды жүзеге асыру үшін қарызға коммерциялық қаржы тартуға көмектесетінін жеткізді.

Ал “Интер РАО” - Путиннің достары Борис Ковальчук пен Игорь Сечинге тиесілі. Екеуі де Ресейдің Украинаға жасаған әскери шабылуына байланысты халықаралық санкцияға ұшырады.


Сонымен қатар, “Интер РАО” бақылайтын компаниялар халықаралық санкциялардың кесірінен бірнеше рет маңызды келісімшарттан қағылған. Осылайша, тамыз айының соңында американдық General Electric (GE) Интер РАО-мен газ турбиналарын өндіруден бас тартты.