Қазақстанда зейнет жасы әзірге өзгеріссіз қалады. Ер адамдар 63 жаста, ал әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Бұл туралы "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" (БЖЗҚ) мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әйелдердің зейнет жасы 2027 жылдың соңына дейін бұрынғы деңгейде сақталады.
БЖЗҚ мәліметінше, 2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен ұлғаяды:
- 2028 жылғы 1 қаңтардан — 61,5 жасқа;
- 2029 жылғы 1 қаңтардан — 62 жасқа;
- 2030 жылғы 1 қаңтардан — 62,5 жасқа;
- 2031 жылғы 1 қаңтардан — 63 жасқа дейін.
Осылайша, 2031 жылдан бастап әйелдер мен ерлер үшін бірыңғай зейнет жасы — 63 жас болып бекітіледі.
Еске салайық, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин Үкімет отырысында цифрландыру зейнетақыны рәсімдеу рәсімін қалай жеңілдете алатынын айтқан еді.
Қаныш Төлеушин елімізде зейнетақыны электрондық форматта рәсімдеу жобасының пилоттық режимде іске асырылып жатқанын жеткізді.
"Бұған дейін зейнетақы тағайындау процесі азаматтардың жеке қатысуын талап етіп, төлемдерді алу үшін бірқатар құжаттарды жинап, еңбек өтілін растау қажет болатын. Сонымен қатар, деректерді қағаз жүзінде өңдеу уақытты алып, кезектер тудыратын әрі зейнетақыны қолмен есептеу кезінде қателіктерге жол беру қаупін арттыратын. Бүгінде пилоттық режимде түбегейлі жаңа тәсіл енгізілді. Жасы бойынша скоринг негізінде жүйе зейнетақы ісін автоматты түрде қалыптастырады, еңбек өтілі туралы мәліметтерді тексереді және азамат тарапынан өтініш түспестен төлемдерді белсенді түрде тағайындайды", – дейді вице-министр.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл қызмет көрсету мерзімін 10-нан 1 күнге дейін қысқартуға, рәсімдік қадамдар санын 6-дан 1-ге дейін азайтуға және азаматтар үшін процесті айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жобаны масштабтауды қарастыруды ұсынады.