Қазақстанда жыл басынан бері сталкинг фактілері бойынша қозғалған 83 іс сотқа жолданған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
49 адамға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды
Вице-министрдің айтуынша, сталкинг бойынша құқық бұзушылық жасаған 49 адамға жәбірленушілерге жақындауға тыйым салу шарасы қолданылған.
Сондай-ақ неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша қозғалған 12 қылмыстық іс бойынша шешім қабылданған.
Санжар Әділовтың сөзінше, мұндай істердің едәуір бөлігі қысқа мерзімде қаралады. Бұл жәбірленушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сталкингпен күрес үшін қоғамның қолдауы қажет
Ішкі істер министрінің орынбасары сталкинг, неке қиюға мәжбүрлеу және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін тек құқық қорғау органдарының күшімен шешу мүмкін емес екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет. Атап айтқанда, қоғамдық көзқарасты өзгерту, құқықтық мәдениетті арттыру және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік қалыптастыру маңызды.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін мыңдаған адам жауапқа тартылған
Санжар Әділов әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша қабылданған шаралар туралы да мәлімет берді.
Оның айтуынша, 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 11 мыңнан астам адамға әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.
Сонымен қатар 35 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылған.
Сталкинг үшін қандай жаза қарастырылған?
Еске салайық, 2025 жылы Қазақстанның Қылмыстық кодексіне «Сталкинг» туралы жаңа 115-1-бап енгізілген болатын.
Аталған бап бойынша кінәлі адамға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.
Сталкинг – адамның соңына түсіп, мазасын алу, аңду, қорқыту немесе оның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерді жүйелі түрде жасау ретінде қарастырылады.