Қазақстанда юань долларды ығыстырып жатыр ма?

Көркем Алдабергенова 02 қаз. 2025 12:55

Жуырда бірнеше ірі ақпарат құралдарында қытай юаны Орталық Азиядағы халықаралық есеп айырысуларда негізгі валюта ретінде «долларды ығыстырып жатыр» деген материалдар жарияланды. Orda.kz мәліметінше, бұған себеп – Қазақстанда юаньмен облигациялар мен стейблкоиндердің шығарылуы болды. «Юань біртіндеп долларды ығыстырып жатыр» деген пікірлер негізсіз емес. Шынында да, ҚХР Қазақстанмен саудадағы басты серіктестердің бірі саналады, және өзара есеп айырысуда қытай валютасы жиі қолданылуда. Жуырдағы жаңалық – Қазақстанда юаньмен қамтамасыз етілген алғашқы стейблкоиннің іске қосылуы да Қытайдың рөлінің артып келе жатқанын меңзейді. Бірақ бұл Орталық Азияда белсенді «дедолларизация» жүріп жатыр дегенді білдіре ме?

Қазақстандағы юаньдық бағалы қағаздар

22 қыркүйектен бастап Қазақстан қор биржасында (KASE) юаньмен есептесетін бағалы қағаздардың екінші нарықтағы саудасы қолжетімді болды. Сонымен қатар, Қазақстан алғаш рет тарихта жалпы көлемі екі миллиард доллар болатын юаньдық облигациялар шығарады. Билікке Бейжіңмен артып келе жатқан сауданы қаржыландыру және инвестициялық байланыстарды нығайту үшін қытай валютасын тарту қажет.

Қытай инвестициялары қазақстандық экономикадағы салымдардың елеулі бөлігі болып саналады. Юаньдық облигацияларды («dim sum bonds» және «panda bonds») «ҚазМұнайГаз», Қазақстан Даму Банкі және «Самұрық-Қазына» қоры шығарған немесе шығаруды жоспарлап отыр. Бұнда ешқандай тосындық жоқ. Қытаймен қарым-қатынасты дамыту және экспортқа бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстанға юань қажет (оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы ШЫҰ саммитінде табысты келіссөздер жүргізген жобалар бар).

The Diplomatic Insight деректеріне сүйенсек, Қытай Қазақстанда жалпы құны 66,4 млрд доллар болатын 224 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар 50 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. ҚХР Қазақстанға инвестиция құятын алғашқы бестік елдің қатарына кіреді. Сондықтан юаньдық облигациялар мен стейблкоиндер шығару – «дедолларизацияның» белгісі емес. Бұл – сауда емес, инвестициялық үрдіс, және халықаралық есеп айырысудағы валюталардың жалпы көлеміне әсер етпейді.

Қытайдың аймақтық рөлі

Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2025 жылдың алғашқы бес айында ҚХР-дың Орталық Азияның бес елімен сауда көлемі жылдық есеппен 10,4%-ға өсіп, 39,9 млрд долларға (286,4 млрд юань) жеткен. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Айта кетерлігі, Қытайдың аймақ елдеріне экспорты олардың барлығынан бірге алғанда импортынан екі есе артық.

Әлемдік деңгейде де юаньның рөлі артып келеді: үш жыл бұрын халықаралық есеп айырысудағы үлесі 7% болса, қазір ол 8,5%-ға жетті.

Қазақстан мен Қытай арасындағы теңсіздік

Қазақстанның сыртқы сауда саясатындағы Қытайдың рөлін қарастырғанда, екі мемлекеттің қарым-қатынасы тең емес екенін түсіну қажет. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының соңғы есебінде айтылғандай, ҚР-дың тауар айналымының 20%-дан астамы Қытайға тиесілі. Алайда осы көрсеткіштің басым бөлігі – 14,9 млрд доллар – Қазақстанға Қытайдан импортталған тауарлар. Керісінше, Қазақстаннан Қытайға экспортталатын мұнай мен металл бағасы төмендеп, бұл өнімдерге сұраныс азайды.

Өз кезегінде Пекин Қазақстанға автокөлік, металл және химия өнімдерін экспорттауды арттыруда. Әрине, мұндай есеп айырысуларда қытай бизнесіне юаньды пайдалану ыңғайлы. Тау-кен және өңдеу өнеркәсібі секілді салаларда қытай валютасымен келісімдер көлемі шынымен артқан.

«Юаньдандыру» қай салада жүріп жатыр?

Егер «юаньдандыру» туралы айтуға болса, оны облигациялар нарығынан емес, шикізат саудасынан іздеу қажет. Бұл процесс әзірге соншалықты ауқымды емес, сондықтан доллардың халықаралық есеп айырысудағы орнын басты деп айтуға ерте. Бірақ Қазақстанға назар аударатын жайт бар: Пекин үшін Астанамен сауда аса қажет емес, ал Қазақстан үшін керісінше – аса маңызды.

Қазақстанның таңдауы

Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында премьер-министрдің орынсбасары, экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан неге Қытайға арқа сүйеп отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, Астана мұнай рентасынан бас тартудың жолдарын қарастырып жатыр. Бұл – алдағы мұнай өндіру көлемінің шегіне жетуін және көмірсутек бағасының төмендеуін ескергенде алысқа көз жүгірткен саясат.

«Экономиканы қадағалайтын вице-премьердің сөзінше, Қазақстан мұнайға тәуелділіктен бас тартуға күш салып, Қытайға арқа сүйеуде және экономикалық өсімді қолдауға ондаған миллиард доллар құюда», – деп жазады Bloomberg.

Жақын болашақта мұнай Қазақстан үшін негізгі табыс көзі болмай қалатындықтан, билік өзге салаларды қарастыруда. Алғашқы кезекте олардың назары логистикаға ауды. Бұл таңдау Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасымен сәйкес келеді. Президент Тоқаев Қытайда құны жарты триллион теңге болатын жаңа теміржол тармағын ашқанда, логистикалық мүмкіндіктерге ерекше тоқталғаны да сондықтан.

Астананың жоспары – Қазақстанды жаһандық көлік хабына айналдыру. Ал мұны Пекиннің қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстандағы «юаньдандыру» үрдісі жалғаса бермек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар