Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында Қазақстанның ғарыш саласының қазіргі жағдайы мен оны алдағы уақытта дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Отырыс барысында ғарыш инфрақұрылымын жаңарту, спутниктік байланыс жүйелерін күшейту және осы саланың стратегиялық мүмкіндіктерін мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы әлемдік ғарыш индустриясында үлкен өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ғарыш саласы тек ірі державалардың ғана қолындағы бағыт емес. Жеке компаниялар да спутниктік байланыс, навигация, ғарыштық мониторинг және ғылыми зерттеу салаларында белсенді жұмыс істеп келеді.
Президент осыған байланысты Қазақстан да жаңа заман талабына бейімделіп, ғарыш саласындағы әлеуетін барынша тиімді пайдалануы қажет екенін айтты.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады. Ол ғарыш деректеріне негізделген қолданбалы шешімдерді енгізу және спутниктік жүйелерді цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Тоқаев ғарыш саласын дамыту тек технологиялық қана емес, ғылыми тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Әсіресе астрофизика бағытындағы зерттеулерге басымдық беру қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы ұлттық технологиялық және инженерлік әлеуетті арттыруға бағытталған жобалардың маңызын жоғары бағалады.
Сонымен қатар Президент халықаралық әріптестікті нығайту мәселесіне тоқталды. Ол Ресей Федерациясымен және өзге де шетелдік серіктестермен стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуді тапсырды.
Отырыста Байқоңыр қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесі де сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ғарыш саласын жаңғырту, оның нәтижелерін экономика мен мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді қолдану жөнінде нақты тапсырмалар берді.