Алдағы алты ай ішінде Қазақстанда ипотекалық несиелердің құны төмендеуі мүмкін. Шілде айынан бастап ипотека бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеменің ең жоғары шегі 20% деңгейінде белгіленуі жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілетеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің пікірінше, бұл қадам ипотеканы халық үшін қолжетімді етуге бағытталған.
Алайда экономистер бастаманы сақтықпен бағалап отыр. Олардың айтуынша, мөлшерлемені қатаң шектеу керісінше ипотекалық несие алуды қиындатуы мүмкін. Себебі қазіргі жағдайда инфляция жоғары, ал базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде қалып отыр. Мұндай жағдайда банктер ипотека пайызын 22%-дан төмен түсіре алмайды, ал әкімшілік шектеу ипотекалық нарықтың 30–40% қысқаруына әкелуі ықтимал.
Экономист Жеңіс Шәріптің айтуынша, ипотека толық тоқтап қалмайды, бірақ оны нақты 25%-дан 20%-ға дейін түсіру үшін базалық мөлшерлемені кемінде 2%-ға төмендету қажет.
Ал экономист Бауыржан Ысқақ ипотека арзандаса, баспанаға сұраныс артады, бірақ үй бағасы төмендемейді, дейді. Оның сөзінше, 20 млн теңге көлеміндегі ипотеканы 20 жыл мерзімге 25% мөлшерлемемен рәсімдегенде ай сайынғы төлем 420–450 мың теңгені құраса, пайыздық мөлшерлеме 20%-ға төмендеген жағдайда бұл сома 320–340 мың теңгеге дейін азаяды. Бұл отбасылық бюджетке түсетін салмақты айтарлықтай жеңілдетеді.
Сонымен бірге сарапшылар ипотеканың арзандауы тұрғын үй бағасының 15%-ға дейін қымбаттауына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Билік бұл шектеуді былтыр енгізуді жоспарлағанымен, базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты бірнеше рет кейінге қалдырған.
