Қазақстанда Халықаралық балалар обырына қарсы күрес күніне арналған хабардарлық апталығы өтуде

Dalanews.kz 11 ақп. 2025 16:13 2082

2025 жылғы 10-17 ақпан аралығында Қазақстанда Халықаралық балалар обырына қарсы күрес күніне арналған хабардарлық апталығы өтуде. Акция шеңберінде бүкіл ел бойынша балалар обыры проблемасы туралы білімді арттыруға, пациенттердің отбасыларын қолдауға және қоғамның ынтымақтастығын дамытуға бағытталған ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әкімдіктердің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен қалалардың орталық көшелерінде, LED-экрандарда, медиабордтарда және медициналық ұйымдарда ерте диагностиканың маңыздылығына, емдеудің заманауи әдістеріне және осы аурумен күресетін балаларды әлеуметтік қолдау қажеттілігіне назар аударатын арнайы бейнероликтер таратылады.

Акцияның мақсаты - қоғамның назарын кішкентай пациенттер мен олардың отбасыларының алдында тұрған мәселелерге аудару, сондай-ақ уақтылы көмек пен хабардарлық көптеген балалардың өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін еске салу.

«Біз ақпараттандыру өзгерістерге алғашқы қадам деп санаймыз. Бұл апта балалар обырымен күрестің маңыздылығын еске салып қана қоймай, қоғамның, дәрігерлер мен мемлекеттік құрылымдардың күш — жігерін біздің қолдауымызға мұқтаж балаларға көмектесу үшін біріктіру мүмкіндігі болып табылады», — деп атап өтті акцияны ұйымдастырушылар.

15 ақпанда атап өтілетін Халықаралық балалар обырына қарсы күрес күні үміт пен бірліктің символына айналды.

Қазақстан бұл жаһандық бастамаға елеулі үлес қосып, хабардарлық деңгейін арттыруға және адамдарды маңызды істің айналасына біріктіруге көмектеседі.

«Help Today» ҚҚ, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ, «Қазақстан педиатрларының одағы» ҚБ акциясын ұйымдастырушылар барлық қазақстандықтарды осы бастаманы қолдауға және балалармен және олардың отбасыларымен ынтымақтастық білдіруге шақырады. Біз бірге оларға салауатты болашаққа мүмкіндік бере аламыз!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар