Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант Рузахунов Бішкекке оралды

Dalanews 11 қаң. 2022 04:22 664



Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов 10 қаңтарда босатылып, Бішкекке келді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне таныстарының бірі хабарлады.





9 қаңтарда "Қазақстан" және "Хабар 24" арналары "Қазақстандағы митингіге қатысқаны үшін ақша алды" деп бір қырғызстандықты көрсеткен еді. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам белгілі джаз музыканты әрі пианист Викрам Рузахунов екенін жаппай айта бастады.

Видеодағы адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен.

Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, кейбірі оған бұл сөздерді азаптап айттырды деді.

Жақындары бірнеше күннен бері Рузахуновты таппай жүрген. Қырғызстан ішкі істер министрлігі Рузахуновтың Алматыға билетті желтоқсанда сатып алғанын, 2 қаңтарда Қазақстанға концерт қоюға кеткенін мәлімдеді.

9 қаңтарда бір топ қырғызстандық Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдына наразылық акциясын өткізіп, Рузахуновты босатуды талап етті. Акцияға Қырғызстан ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев те келді.

Жиында Ташиев "Мемлекеттік органдар тарапынан ресми түрде Рузахуновтың "террорист емеспін" ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстанның мемарналарында таратылған ақпарат қате. Тергеудің риторикасын өзгерту керек. Біздің азаматты терроризмге айыптау дұрыс емес" деген.

Қырғызстан осы оқиғаға байланысты Қазақстанға қарсылық нотасын жолдаған.

Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылық соңғы тәртіпсіздікке ұласқан соң билік елдегі жағдайға "шетелде дайындалған террористерді" айыптай бастаған. Бірақ билік "террористердің" кім екенін нақты айтпай отыр.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар