Қазақстанда USAID қызметіне аудит жүргізіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Вице-премьер Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, 2024 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде USAID қызметін жан-жақты зерттеу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл топ агенттік қаржыландыратын жобаларды, олардың мақсаттары мен нақты нәтижелерге сәйкестігін талдайды.
«Атап айтқанда, USAID-тың елдік стратегиялары зерттеледі, сондай-ақ оның басқа ұйымдармен, соның ішінде мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдармен байланыстары қарастырылады. Бұл байланыстардың USAID мақсаттарына ықтимал әсерін бағалау маңызды. Сонымен қатар, қаржылық ағындарды сараптау қажет, яғни қаржының жұмсалуын, ықтимал жасырын схемаларды, қаражаттың дұрыс пайдаланылмауын және мүдделер қақтығысын анықтау керек», – деді вице-премьер.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне берген мәліметіне сәйкес, 2024 жылы екіжақты келісімдер аясында USAID қатысуымен 28 ұзақ мерзімді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. 2023–2024 жылдары агенттік экономика, энергетика, денсаулық сақтау, азаматтық қоғам және медиа салаларындағы жобаларға 26,5 миллион доллар бөлген. Кейбір бағдарламалар тек Қазақстанды ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерін де қамтиды (жобалар тізімі жоғарыда көрсетілген).
USAID қаржылай қолдау көрсеткен ұйымдар қатарында тек үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, мемлекеттік органдар да бар. Мысалы, агенттік Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) 385,8 миллион теңге тұратын серверлік жабдықты тапсырған.