Кейінгі жылдары Қазақстанда демографиялық ахуалдың қарқыны бәсеңдей бастады. 2025 жылы елде дүниеге келген сәбилер саны былтырғымен салыстырғанда 8–10 пайызға азайып, шамамен 335 мыңға жуықтады. Бұл – кейінгі 11 жыл ішіндегі ең төмен көрсеткіш.
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі Qazaq Expert Club сарапшысы Нұржамал Иминова туу деңгейінің төмендеуіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, бүгінде әйелдердің ана болуды кейінге қалдыру үрдісі айқын байқалады. Мәселен, 2025 жылы аналардың орташа жасы 29,9 жасқа жетсе, тұңғышын дүниеге әкелу жасы 25,3 жасты көрсеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, бұл – тек Қазақстанға тән құбылыс емес.
"Әйелдер бүгінде білім алуға, мансап құруға және қаржылай тұрақтылыққа басымдық беріп, бала сүюді кейінге қалдырып жатыр", – дейді ол.
Сонымен қатар бала туу туралы шешімге тек экономикалық жағдай ғана емес, түрлі әлеуметтік-психологиялық факторлар да ықпал етеді. Нұржамал Иминова бұл ретте белгісіздік, жұмысынан айырылып қалу қорқынышы және мансап пен ана болуды қатар алып жүрудің қиындығы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Тағы бір маңызды фактор – урбанизация үдерісі. Соңғы он жылда қала халқының үлесі айтарлықтай артқан. 2013 жылы 54,9%-дан 2023 жылы 62,2%-ға жеткен. Ал мегаполистердегі халық үлесі 20,3%-дан 24,4%-ға дейін өскен. Әдетте, қала өмірінде отбасылар көп бала сүюге асықпайды, көбіне бір-екі баламен шектеліп жатады.
Бұған қоса, демографиялық құрылым да өз әсерін тигізіп отыр. Қазір бала туу жасына 1990-жылдары дүниеге келген буын келді. Ол кезеңде елде туу көрсеткіші төмен болғаны белгілі. Соның салдарынан бүгінгі күні бала туатын жастағы адамдардың саны да аздау болып отыр. Бұл өз кезегінде жалпы туу деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде.
Сарапшының айтуынша, еңбек нарығында ана болу мен жұмыс істеуді үйлестіруге мүмкіндік беретін жағдайлар әлі де жеткіліксіз.
"Икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу, декреттен кейін қайта оралу бағдарламалары көбіне ірі компанияларда ғана бар", – деп атап өтті Иминова.
Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында икемділік болғанымен, табыстың тұрақсыздығы отбасыны кеңейтуге кедергі келтіреді.
Бұдан бөлек, отбасындағы міндеттердің тең бөлінбеуі де мәселеге өз әсерін тигізіп отыр. Көп жағдайда бала тәрбиесі мен тұрмыстық жауапкершілік негізінен әйелдің мойнына жүктеледі. Ал ер азаматтардың қатысуы әлі де ақсап тұр. Мұндай жағдайда әйелдер үшін бала сүю шешімі оңай болмай, көбіне ойланып барып қадам жасайды.
Кейінгі жылдары ажырасу көрсеткішінің өсуі де демографияға әсерін тигізіп отыр. Егер 2000-жылдардың басында үш некенің біреуі ажырасумен аяқталса, бүгінде екі некенің бірі бұзылып жатыр.
Нұржамал Иминова мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жеткілікті болғанымен, мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін айтады. Оның сөзінше, туу көрсеткішін арттыру тек қаржылай ынталандырумен шектелмеуі тиіс.
"Мәселен, Оңтүстік Корея тәжірибесінде мемлекет отбасыларға 40 мың долларға дейін төлем жасап, жұмыс берушілер қосымша 7 мыңнан 70 мың долларға дейін қолдау көрсетеді", - деп қосты ол.
Дегенмен сарапшы мұндай шаралармен қатар, қолайлы әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыру маңызды екенін жеткізді. Бұл – сапалы әрі қолжетімді балабақшалар, білім беру мен медициналық қызметтердің дамуы, сондай-ақ ата-аналарға арналған икемді еңбек шарттары.
Сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік көзқарастарды өзгерту де өзекті. Әлі күнге дейін бала күтімі тек әйелдің міндеті деген түсінік, жалғызбасты аналарға қатысты теріс көзқарас, сондай-ақ "әйелдер мен ерлерге арналған мамандықтар" деген стереотиптер сақталған.
Жас аналарға сенімсіз қызметкер ретінде қарау үрдісі де кездеседі. Ал отбасыларды қолдауды тек мемлекет міндеті деп қабылдау қоғамның жалпы бала сүюге деген дайындығын шектейді.
Айта кетейік, аталған мәліметтер Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы деректеріне негізделген.
