Қарулы күштерде бірыңғай Ашық есік күні өтті. Оның аясында еліміздің әр өңіріндегі 50-ден астам әскери бөлім келушілерге есігін ашты. Іс-шараға 15 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары бар, деп хабарлайды Dalanews.kz
Акция Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерін қамтыды: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері және Арнайы операциялар күштері. Қонақтар армия тыныс-тіршілігін ішінен көріп, әскери қызмет туралы жан-жақты түсінік алды.
Іс-шара аясында келушілер казармаларды, асханаларды және тұрмыстық нысандарды аралады. Олар әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайымен және күнделікті қызметтің ұйымдастырылуымен танысты.
– Біз әскери қызметтің өту барысын барынша ашық көрсетеміз. Бұл жастар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды. Армия – мінез, тәртіп пен жауапкершілік қалыптасатын өмір мектебі, – деді Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.
Бағдарламаның практикалық бөлігі ерекше қызығушылық тудырды. Мектеп оқушылары мен студенттер әскери қызметшілердің жаттығуларын тамашалап, әскери техникамен және түрлі бөлімшелердің жұмысымен танысты. Сонымен қатар олар өздерін болашақ Отан қорғаушысы ретінде сынап көрді.
Елордадағы №13 мектептің 9-сынып оқушысы Даяна Гуляева алған әсерімен бөлісті:
– Бұған дейін мұндай техниканы тек фильмдер мен жаңалықтардан көретінбіз. Бүгін оны өз көзімізбен көріп, тіпті қолмен ұстауға мүмкіндік алдық. Әсіресе заманауи дрондар мен бронды техника ерекше әсер қалдырды. Бұл – армиямызға деген мақтаныш сезімін оятатын маңызды сәт.
Бағдарлама саптық алаңдағы көрнекі қойылымдармен аяқталды. Әскери қызметшілер саптық дайындық элементтерін, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін және тактикалық іс-қимыл эпизодтарын көрсетті.
Іс-шара соңында қонақтарға сарбаз ботқасы ұсынылды. Ашық есік күнін тұрақты түрде өткізу қоғамның армияға деген сенімін нығайтып, жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыруға және оның беделін көтеруге ықпал етеді.
