Акушер-гинекологтардың консультациясы ер адамға көрсетілген: Павлодарда өрескел заңбұзушылықтар анықталды

Сағыныш Сардарова 20 сәу. 2026 10:00

Павлодар қаласының прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге жауапты "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-қа жүргізілген тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылықты әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог және басқа да мамандар қайтыс болған адамдарды "қабылдағаны" көрсетілген. Сондай-ақ, акушер-гинекологтың қызметі ер адамдарға "көрсетілген" жағдайлар тіркелген. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерді қайталап көрсету арқылы қосарланған төлем алу деректері белгілі болды.

Тексеріс барысында тиісті сертификаттары мен рұқсат құжаттары жоқ тұлғалар ем жүргізгені де анықталған. Қадағалау актілері негізінде заңбұзушылықтарды жою, қажет құжаттарды рәсімдеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту жұмыстары қолға алынған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 100 миллион теңгеден аса шығын өтелді. Қазір сотта медицина саласында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 62 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру және 41 миллион теңге көлемінде залал келтіру дерегі бойынша екі қылмыстық іс қаралып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove