Қазақстанда Трамптың ұлдары инвестиция салған вольфрам жобасы басталды

Қазақстанда Трамптың ұлдары инвестиция салған вольфрам жобасы басталды
gov.kz

Қарағанды облысында АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамптың инвестицияларына байланысты "Солтүстік Қатпар" жобасын жүзеге асыру басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өңір әкімдігі мәліметінше, кен орнында дайындық жұмыстары екінші ай қатарынан жалғасып жатыр. Қазір өндірістік алаңдар жасақталып, кірме жолдар мен далалық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Геодезиялық жұмыстар да қатар атқарылып жатыр.

Сонымен бірге, жобаның түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Оны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Cove Kaz Capital Group компаниясының бас директоры Доминик Хитон инвестор алдына қойылған міндеттердің ауқымына тоқталды. "Тау-Кен Самұрық" ҰТК" АҚ инвестициялар және стратегия жөніндегі бас директоры Данияр Ыдырысовтың айтуынша, серіктестер кен өндіруден бастап, металлургиялық қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары вольфрам өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отыр.

Екі кен орнын игеруге және тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу инфрақұрылымын құруға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,1 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Екі кен орны жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өнімін өндіре алады. Бұл қазіргі әлемдік вольфрам өндірісінің шамамен 15 пайызына тең.

Жоба аясында кенді өндіріп, байытып қана қоймай, оны Қазақстан аумағында терең өңдеу көзделіп отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталуы мүмкін. Ал нысанды іске қосу-баптау жұмыстары 2029 жылға жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Трамптың ұлдары Қазақстанда вольфрам өндіретін компанияның үлескері атанғаны хабарланды.