Freedom Inside '26

Қазақстанда тауар бағасы қымбаттамайды – Сауда министрі

Қазақстанда тауар бағасы қымбаттамайды – Сауда министрі
Фото: istockphoto.com

Қазақстан үкіметі тауар бағасының жалпы өсуін болжап отырған жоқ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, азық-түлік өнімдерінің құнында негізгі үлесті шикізат пен жем-шөп шығындары құрайды. Мәселен, сүт өнімдерінің өзіндік құнының 80 пайызына дейін шикізатқа тиесілі. Нан бағасының шамамен 65 пайызы ұнның құнынан қалыптасса, сиыр етінің бағасындағы үлес салмақтың 75-80 пайызын жем-шөп базасы құрайды.

Арман Шаққалиев мемлекет тауарлардың басым бөлігінің бағасын тікелей реттемейтінін атап өтті.

Оның сөзінше, Қазақстанда өндірушілер баға үстемесін өздері белгілейді, себебі көптеген тауар санаттары мемлекеттік реттеуге жатпайды.

«Үкіметтің міндеті – алтын ортаны табу. Бір жағынан инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет. Екінші жағынан электр энергетикасы саласында жұмыс істейтін азаматтар лайықты жалақы алуы тиіс. Сонымен қатар өнім бағасының күрт әрі бақылаусыз өсуіне жол бермеу маңызды», – деді министр.

Шаққалиевтің айтуынша, қазіргі таңда үкімет тауар бағасының жаппай қымбаттауын күтпейді және нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға басымдық беріп отыр.