Қазақстанда танкермен дизель ұрланбақ болған: оның артында бір олигарх тұр

Көркем Алдабергенова 21 мам. 2024 15:52 3372

Азаматтық белсенді Жарқын Күрентаев олигархтар Қазақстанға қарсы шыққанын, елден танкер арқылы дизель ұрланбақ болғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Олигархтар Қазақстанға қарсы. Ақтаудағы сауда теңіз кемежайында Мелиана танкерінің («БатысНефтеТрэйд» ЖШС-не тиесілі) тұрғанына бір жыл болды. Танкерде мұнай өнімдері бар. Шекара қызметкерлерінің ойынша, құжат бойынша пеш отын деген сыңаймен дизель отынын Әзербайжанға, нақты айтқанда елдегі SOCAR мемлекеттік компаниясына экспортталмақ болған. Контрабанда кезінде Мелиана танкері ашық теңізде кетіп бара жатқан кезінде басып алынды. Бұл іс бойынша қылмыстық іспен Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысып жатыр. Бұған дейін бұл іспен Маңғыстау облысының Экономикалық тергеу департаменті айналысқан. Ал олар бұл істі жауып жіберуге тырысқан», - дейді Күрентаев.

Оның сөзінше, бұл істің артында Қазақстанды тонауға тырысқан бір олигарх тұр.

«Олардың (Экономикалық тергеу департаментінің) әрекетін басқа қалай түсіне аламыз? Себебі  Экономикалық тергеу департаменті «БатысНефтеТрэйд» ЖШС-не қатысты қылмыстық істерді бұған дейін де бірнеше рет жауып тастаған. Сонда мемлекеттік мүддені тек ҰҚК қорғай ма? Ал прокуратура, антикор, облыс әкімі қайда қарап отыр? Біріншіден, кейбір мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынған. Пеш отыны мен дизель отынынан мемлекет бюджетіне түсетін кеден салықтарының айырмашылығы өте көп, миллиард болуы да мүмкін. Екіншіден, бұл жеке меншіктегі танкер. Үшіншіден, тергеу органдары сараптама жүргізе алмай жүргеніне бір жылдай болды. Бәлкім сол сараптаманы жүргізгісі де келмейтін шығар», - дейді азаматтық белсенді.

Жарқын Күрентаевтың сөзінше, тергеудің тоқтап қалуына бірнеше себеп айтылған. Соның бірі -  пеш отыны минус 20 градуста қатып қалған деседі.

«Бұлардың басы істемей ме, әлде бізді ақымақ көре ме? Минус градуста қатып қалатын ол қандай пеш отыны? Мұнай танкері контрабанда құралы ретінде Қазақстан пайдасы үшін тәркіленуі қажет! Бірақ біреу оны мемлекетпен бөліскісі келмей отыр. Ал енді ойланып көрейікші, Қазақстанда мұнай танкерін тұтас иемденіп алуға кімнің жағдайы жетеді? Мұнай өңдейтін зауытқа кім иелік етуі мүмкін? Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясымен келісімшарт жасауға кімнің қауқары жетеді? Ол кім болса да оның Қазақстанға түкіргені бар. Ол Қазақстанға, қазіргі билікке қарсы «соғыс ашқан» адам», - дейді Күрентаев.

Ең қызығы Маңғыстау облысында бірнеше жыл бұрын  «БатысНефтеТрэйд» компаниясы 13,5 миллиард тонна мұнайды сақтау қызметі үшін ақысын төлегісі келмеген екен. Олар бұл істе сотта жеңілгенімен Жоғары сотта бұл іске Жақып Асанов араласқан.

«Бұл іске Жақып Асанов араласқаннан кейін «БатысНефтеТрэйд» сүттен ақ, судан таза болып шыққан. Мемлекетке қарсы алпауыт біреу іске Асановты қосқан», - дейді Күрентаев.

Сонымен қатар, «БатысНефтеТрэйд» 3 миллиард теңге салық төлемеген. Ал қазіргі таңда салық көлемі 5 миллиардқа жеткен болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар