Қазақстанда су тапшылығы күшеюі мүмкін: сарапшы қандай шешім ұсынды?

Қазақстанда су тапшылығы күшеюі мүмкін: сарапшы қандай шешім ұсынды?
Фото: ЖИ

Қазақстанда 1976 жылдан бері орташа жылдық ауа температурасы әр онжылдық сайын 0,32°C-қа көтеріліп келеді. Аптап ыстықтың күшеюі судың булануын арттырып, шектеулі су қорына түсетін қысымды үдетті. Qazaq Expert Club орталығының су қауіпсіздігі жөніндегі сарапшысы Қуаныш Өзбеков Қазақстанның жаңа климат жағдайына қалай бейімделуі керегін және су тапшылығын азайту үшін қандай шаралар қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шілде айында елдің ірі қалаларында бұрын-соңды болмаған ыстық байқалды. Астанада ауа температурасы +38,6°C-қа дейін көтерілсе, Алматыда температуралық рекорд үш күн қатарынан жаңарып, сынап бағанасы +40°C-ты көрсетті.

Тамыз айында "Қазгидромет" бірден жеті облыстың жекелеген аудандарында құрғақшылық болуы мүмкін екенін ескертті. Ұзаққа созылған аптап судың булануын күшейтіп қана қоймай, оған деген сұранысты да арттырады. Соның салдарынан еліміздің су ресурстарына түсетін салмақ еселене түсті.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның су үнемдеуге мүмкіндік беретін ең үлкен резервтерінің бірі қолданыстағы су жүйесінің өзінде жатыр.

"Қазақстандағы судың шамамен 63%-ын ауыл шаруашылығы тұтынады. Алайда суды тасымалдау және суармалы алқаптарға жеткізу кезінде оның жартысына жуығы жоғалады. Су топырақ арналар арқылы жерге сіңіп кетеді әрі буланады. Бұл үдеріс әсіресе аптап кезінде күшейеді. Басқаша айтқанда, құрғақшылық жағдайында су егістікке жетпей жатып, оның орасан көлемінен айырылып отырмыз. Су балансы шектеулі мемлекет үшін мұндай ысырапқа жол беруге болмайды", - дейді Қуаныш Өзбеков.

Оның пікірінше, ыстық климатқа бейімделу жұмыстары тек қосымша су көздерін іздеумен шектелмеуі керек. Ең алдымен, қолда бар судың ысырабын азайту қажет.

Бұл бағыттағы жедел шаралардың бірі – суару арналарын жаңғыртып, суды көп жоғалтатын учаскелерді бетондау немесе герметизациялау. Екінші маңызды бағыт – судың нақты есебін жүргізу.

"Өлшенбейтін ресурсты үнемдеу мүмкін емес. Сондықтан суды жаппай цифрлық есепке алу негізгі басымдықтардың біріне айналуға тиіс. Қанша су алынғанын, тасымалдау кезінде оның қаншасы жоғалғанын және түпкі тұтынушыға нақты қандай көлем жеткенін білуіміз қажет", - дейді сарапшы.

Ұзаққа созылған аптап кезінде мәселе одан сайын ушығады. Өйткені су тез буланып, ауыл шаруашылығына егістікті суару үшін бұрынғыдан да көп ресурс қажет болады.

Осыған байланысты Қуаныш Өзбеков құрғақшылық болжамы су ресурстарын басқару жүйесінде алдын ала шешім қабылдауға негіз болуы керек деп есептейді.

"Егер белгілі бір өңірлерде құрғақшылық пен аномалды ыстық күтілетінін алдын ала білсек, су жеткізудің басым бағыттарын ертерек айқындауымыз қажет. Су желілері мен суару жүйелеріндегі шығынды бақылауды күшейтіп, қолда бар ресурсты қалай бөлетінімізді алдын ала жоспарлауымыз керек. Су тапшылығы туындағаннан кейін емес, болжам жасалған сәттен бастап әрекет ету қажет", - дейді ол.

Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығының басым бөлігі суармалы егіншілікке тәуелді оңтүстік өңірлер үшін айрықша маңызды.

Жаңа каналдар салу мәселені толық шешпейді

Суды тасымалдау кезіндегі шығынды қысқарту – мәселенің бір бөлігі ғана. Екінші маңызды мәселе – егістікке жеткен судың қаншалықты тиімді пайдаланылатыны.

Қуаныш Өзбековтің сөзінше, су үнемдеу технологиялары тұтыну көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, тамшылатып суару әдісі судың шығынын 30–50%-ға дейін қысқарта алады.

"Бірнеше шешімді қатар қолданғанда ғана айтарлықтай нәтиже болады. Біріншісі – каналдарды жаңғырту. Екіншісі – тиімділігі дәлелденген аумақтарда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу. Үшіншісі – су тапшылығы байқалатын бассейндердегі егіс құрылымын қайта қарау. Мұндай аймақтарда суды көп қажет ететін дақылдарға тәуелділікті біртіндеп азайту керек", - дейді сарапшы.

Алайда технологиялық жаңғыру шаруалардың өзіне де экономикалық тұрғыдан тиімді болуы қажет. Сондықтан сарапшы су үнемдеуге мүмкіндік беретін жобаларға қолжетімді қаржы ұсынып, мұндай шешімдерді енгізген ауыл шаруашылығы өндірушілерін ынталандыру керек деп санайды.

Өзен ағынының жартысына жуығы шетелде қалыптасады

Қазақстанның су қауіпсіздігін климат өзгерісіне ерекше тәуелді ететін тағы бір фактор бар. Елдегі су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендерге тиесілі.

"Қазақстандағы өзен ағынының жартысына жуығы ел аумағынан тыс жерде - Қытайда, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Ресейде қалыптасады. Сондықтан суымыздың болашағы бір мезгілде екі жерде шешіледі. Біріншісі - еліміздің ішінде. Біз әр текше метр суды әлдеқайда тиімді пайдалануды үйренуге тиіспіз. Екіншісі - көршілес мемлекеттермен жүргізілетін келіссөздер алаңы", - дейді Қуаныш Өзбеков.

Климат өзгерген сайын бұл мәселенің маңызы арта бермек. Өйткені су тек Қазақстанға ғана емес, осындай климаттық қиындықтарға тап болып отырған көршілес мемлекеттерге де қажет.

Сондықтан сарапшы трансшекаралық суларды бірлесіп басқарудың халықаралық тетіктерін дамыту аса маңызды екенін атап өтті.

Арал апаты қателіктің құнын әлдеқашан көрсетті

Қуаныш Өзбековтің пікірінше, суды тиімсіз басқарудың салдары қандай болатынын түсіну үшін Қазақстанға алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ.

"Қазақстанның климат өзгерісі мен су қауіпсіздігі жөніндегі өз оқулығы бар. Ол – ең ауыр құнмен жазылған Арал тағдыры. Кезінде әлемдегі көлемі жөнінен төртінші орын алған көл бір ұрпақтың көз алдында тартылып қалды. Өйткені су таусылмайтын ресурс сияқты пайдаланылды. Алайда бұл оқиғаның екінші тарауы да бар. Көкарал бөгеті Кіші Аралды қалпына келтіруге көмектесті, нәтижесінде балық та, балықшылар да қайта оралды. Біз үшін осы екі сабақтың да маңызы бірдей. Біріншісі бар дүниеден қаншалықты тез айырылып қалуға болатынын көрсетсе, екіншісі сауатты шешімдер жағдайды шынымен өзгерте алатынын дәлелдейді", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, аномалды ыстық маусымдарды төтенше жағдай аяқталғаннан кейін жүйе бұрынғы қалпына қайта оралатын уақытша құбылыс ретінде қабылдауға болмайды. Керісінше, бұл су пайдалану моделінің өзін өзгерту қажеттігін білдіретін дабыл болуы керек.

"Әрбір құрғақшылық жылын қалыптан тыс жағдай деп қабылдауды тоқтатуымыз қажет. Су тапшылығы жағдайында Қазақстанның негізгі резерві тек сырттан табылатын немесе жаңадан игерілетін су көздері емес. Ол – қазірдің өзінде қолымызда бар, бірақ тұтынушыға жеткенше жоғалтып алып отырған су", - деп қорытындылады Қуаныш Өзбеков.