Тоқаев жас дзюдошыларды әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтады

Тоқаев жас дзюдошыларды әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтады
Қазақ дзюдошылары. Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен Қазақстан құрамасын құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы аралас командалық жарыста чемпион атанған ұлттық құраманың жетістігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ жекелей сында алтын медаль жеңіп алған Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудиновке құттықтауын жеткізді.

Президент жас спортшыларға алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғастырып, жаңа биіктерді бағындыруға тілектестік білдірді.

Қазақстандық дзюдошылар аталған әлем чемпионатында барлығы 10 медаль иеленді. Оның ішінде 3 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде бар. Бұл нәтиже отандық дзюдо тарихындағы үздік көрсеткіштердің бірі болды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен де сөйлескен.

Мариус Визер Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы жоғары нәтижесіне тоқталып, Мемлекет басшысын қазақстандық жас дзюдошылардың жетістігімен құттықтаған.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен және ұлттық федерациямен ынтымақтастығына ризашылығын білдірді.

Президент бұл серіктестік елімізде дзюдо спортының дамуына оң ықпал етіп отырғанын атап өтті.