Климаттың өзгеруі Қазақстандағы су ресурстарына тікелей әсер етіп жатыр. Бұл ел экономикасының тұрақтылығына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Мұндай пікірді Qazaq Expert Club сарапшысы, су саясаты жөніндегі маман Қуаныш Өзбеков айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, кейінгі жылдары Жайық, Тобыл, Ертіс және Есіл өзендеріндегі су деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Сонымен қатар Балқаш көлі мен Каспий теңізінің су айдыны да тарылып жатыр.
Сарапшы климаттық циклдің өзгергеніне назар аударды. Қыс жылынып, қардың жиналуы мен еру тәртібі өзгерген. Соның салдарынан судың бір бөлігі су қоймаларына жетпей, ерте сіңіп кетеді немесе буланып жоғалады.
Қуаныш Өзбековтің айтуынша, 2024 жылғы су тасқындары елдің осындай қауіптерге қаншалықты осал екенін көрсетті. Апат кезінде 170 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, ал мыңдаған ғимаратты су басқан.
"Болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы қажетті көлемнің 50 пайызына дейін жетуі мүмкін. Ал 2050 жылға қарай су дағдарысы елдің жалпы ішкі өнімін 6 пайызға төмендетуі ықтимал. Сондықтан бұл мәселе экология шеңберінен шығып, экономикалық тұрақтылыққа әсер ететін маңызды факторға айналып отыр", – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы суды көп қажет етеді. Қазіргі таңда бір өнім бірлігін өндіруге орта есеппен 109 текше метр су жұмсалады. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Ресейден 2,5 есе, ал Австралиядан бес есе жоғары.
Сарапшы мұны су ресурстарын пайдалану тиімділігінің төмендігімен және кейбір салалардағы технологиялық артта қалумен байланыстырды.
Мәселені күрделендіретін тағы бір жайт – елдегі өзен суларының шамамен жартысы Қазақстаннан тыс жерде қалыптасады. Ал республика трансшекаралық өзен алаптарының төменгі бөлігінде орналасқан.
"Бұл Қазақстанды көрші елдердің су саясатына тәуелді етеді және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді", – деді Қуаныш Өзбеков.
Оның айтуынша, бұл сын-қатерлерге жауап ретінде мемлекет бірқатар шара қабылдап жатыр. 2025 жылдың сәуірінде жаңа Су кодексіне қол қойылып, онда алғаш рет "су қауіпсіздігі" ұғымы енгізілді.
Құжат аясында 20 жаңа су қоймасын салу, 15 су қоймасын жаңғырту және 14 мың шақырым ирригациялық желіні қалпына келтіру жоспарланған. Сондай-ақ 2030 жылға қарай су ысырабын 25 пайызға дейін азайту көзделіп отыр.
Дегенмен сарапшы негізгі мәселе қабылданған шешімдерді сапалы жүзеге асыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты заманауи технологиялар суды 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді әрі өнімділікті арттырады.
"Қазақстан қазір маңызды таңдау кезеңінде тұр. Су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны, цифрлық бақылау жүйелері мен ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдері ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалға тікелей әсер етеді. Ал уақыт өткен сайын мүмкіндіктер азайып келеді. Алдағы бірнеше жылда қабылданатын шешімдер елдің су қауіпсіздігін ондаған жылға айқындайды", – деп түйіндеді сарапшы.