Биылғы бес айда Қазақстанда сталкинг фактілері бойынша 248 қылмыстық іс тіркеліп, олардың тек 83-і ғана сотқа жолданған, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Биылғы жылдың бес айында сталкинг бойынша 248 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 204 іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданды, бұл – 82%. Сотқа 83 қылмыстық іс жолданды, 22 іс тараптардың татуласуына байланысты ақтамайтын негіздермен тоқтатылды. Ал 101 іс ақтайтын негіздермен, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылды», – деп атап өтті мәжіліс депутаты Снежана Имашева сейсенбі күні мәжілістегі дөңгелек үстелде.
Мұндай статистика елеулі зиян немесе салдар болмаған жағдайда заңсыз әрекеттердің жазасыз қалуы мүмкін екенін көрсетеді.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Муслим Хасеновтің айтуынша, қылмыс құрамының болмауы фактісі қудалаудың өзі болмағанын білдірмейді.
«Оқиғаның болмауы дегеніміз – қудалау фактісінің өзі болмағанын білдіреді. Ал қылмыс құрамының болмауы – қудалау фактісі болғанын көрсетеді, яғни сталкер заңсыз әрекеттер жасаған, бірақ олар елеулі зиян келтірмеген. Объективті жағы жоқ, құрам жоқ деп танылады. Нәтижесінде мемлекет сталкинг фактісінің өзіне тиісті құқықтық баға бере алмайды. Қудалау болды, бірақ зиян мен салдар болмағандықтан жауапкершілік те болмайды», – деді Хасенов.
Сарапшының пікірінше, заңсыз қудалау фактісінің өзін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізу қажет.
«Қылмыстық іс қылмыс құрамы жоқ деген шешіммен аяқталған жағдайда да, яғни фактілер болғанымен салдары болмаса да, оған құқықтық баға берілуі тиіс. Сталкер жауапкершілікке тартылуы керек, өйткені мұндай әрекеттер жазасыз қалмауы қажет. Біздің заңнамада мұндай тәжірибе бар: әкімшілік кодексте формальды құрам, ал Қылмыстық кодексте материалдық құрам қарастырылған. Себебі мұнда қоғамдық қауіптілік бар», – деді ол.
Сондай-ақ Хасенов сталкинг туралы бапты субъектілеріне қарай саралауды ұсынды.
«Ең алдымен бұл кәмелетке толмағандарға қатысты болуы керек. Екі жыл бұрын 16 жасқа дейінгі балаларға сексуалдық сипаттағы тиісу туралы бап енгізілді. Бірақ онда міндетті түрде сексуалдық сипаттағы әрекет болуы қажет. Ал егер сталкингте мұндай белгілер болмаса да, олар қарапайым сталкингке қарағанда қатаңырақ санкцияларға жатқызылуы керек. Себебі кәмелетке толмағандарға қатысты сталкинг көбіне ауыр қылмыстарға алып келеді. Тәжірибе мұндай әрекеттермен қатаң күресу қажет екенін көрсетіп отыр. Өйткені балалар әлдеқайда осал топ», – деді спикер.
Өз кезегінде Имашева сталкинг бойынша тіркеліп жатқан істер саны бұл баптың қоғамда сұранысқа ие екенін көрсететінін айтты. Алайда құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыру үшін бірнеше жыл қажет екенін атап өтті.
«Бұл бап дұрыс немесе дұрыс емес сараланып жатқанын түсіну үшін сотқа жетпеген, қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған жүзден астам істің материалдарын зерттеу керек», – деп түсіндірді депутат.
Еске салайық, осы дөңгелек үстелде Ішкі істер министрлігі қайталанған сталкинг үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынған болатын.