Қазақстанда алдағы уақытта SIM-карталарды тек байланыс операторлары сататын болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Цифрлық даму министрлігі әзірлеген бұйрық мәтініне сәйкес, тіркеу кезінде қолданушысы туралы ақпарат берілмеген қазақстандық нөмірлерді пайдалана отырып, интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту жоспарлануда. Осыған байланысты тіркеу процесіне қатысты бақылауды күшейту және жеке бас мәліметін ұсынбағандарға SIM карталарды сатуға шектеулер енгізу ұсынылады.
Аталған түзетулер күшіне енгеннен кейін абоненттік нөмірді тек байланыс операторларынан сатып алуға болады.
Бұдан бөлек, байланыс саласындағы ресми компаниялар өз тұтынушыларының өзіне қатысты алдау-арбау әрекеттері туралы жедел хабарлай алатын мамандандырылған Call-орталықтар құрады. Бұл күдікті нөмірлерді бұғаттауға, құқық қорғау органдары үшін деректер жинауға мүмкіндік береді.
Құжат 2025 жылдың 23 мамырына дейін қоғамдық талқыға ұсынылды.