Қазақстанда шетелдіктерге ғана казино ашу ұсынылды

Самал Асқар 08 қаң. 2026 17:17


Қазақстанның бірқатар өңірінде шетел азаматтарына ғана арналған ойын аймақтарын құру мүмкіндігі зерттелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша зерттеу туристік саланы дамыту және шетелдік ағынды арттыру мақсатында жүргізілген. Әңгіме Қазақстан азаматтарына кіруге шектеу қойылатын, тек шетелдік туристерге бағытталған казино аймақтары туралы болып отыр. Министрлік дерегінше, халықаралық тәжірибе мұндай модельдің курорттық инфрақұрылымды дамытуға ықпал етіп, ішкі әлеуметтік ортаға тікелей әсер етпейтінін көрсетеді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, Маңғыстау облысында тұрғындардың 46 пайызы шетелдіктерге арналған казино ашуды қолдаған. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңірге шамамен 148 мың шетелдік турист келіп, 7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсуі мүмкін.

Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы мұндай бастамаға қарсы емес. Есептеулерге сәйкес, өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, шамамен 700 жұмыс орны құрылып, бюджетке 2,4 млрд теңге салық түсуі ықтимал.

Ал Алматы облысында респонденттердің 54,5 пайызы Қазақстан азаматтары үшін шектеуі бар ойын аймақтарын құруды қолдаған. Экономикалық талдау деректеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай өңірге келетін шетелдік туристер саны 22 810 адамға жетіп, 2028 жылға дейін екі ойын аймағы 6,5 млрд теңге салық түсімін және 2 мың тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етуі мүмкін.

Министрлік мәліметінше, ойын аймақтарын құру және олардың қызметі Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңына қатаң сәйкес жүзеге асырылады. Аймақтардың нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар айқындайды, ал жұмыс тәртібі тек шетел азаматтарын қабылдауды көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар