2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енетін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің №343/НҚ бұйрығына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және маңызды инфрақұрылым нысандарының иелері қызметтік міндеттерін атқару кезінде серверлері Қазақстан аумағында орналасқан мессенджерлер мен электрондық пошта сервистерін ғана пайдалануы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл талапқа сәйкес, америкалық Meta компаниясына тиесілі WhatsApp пен Telegram (серверлері Қазақстанда орналаспаған) формалды түрде жаңа талапқа сай келмейді. Алайда құжатта уәкілетті органның арнайы шешімімен өзге сервистерді пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін екені де көрсетілген.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметкерлер кезең-кезеңімен серверлері Қазақстанда орналасқан Aitu ұлттық мессенджеріне көшіріле бастаған. Алайда платформаны әзірлеушілер мемлекеттік органдардың хат-хабарларға қол жеткізу шарттары туралы ақпаратты жарияламаған.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұған дейін Aitu-ды енгізуге қатысты пікір білдіріп, «қажет болған жағдайда жауапты органдардың қызметтік хат-хабарларға қол жеткізуі мүмкін» деген еді.
Жаңа талаптарды орындамаған ұйымдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жоспарлы мәжбүрлі тексерулер тізіміне енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар құжатқа қатысты сараптамалық болжамдар да айтылып жатыр. Олардың пікірінше, алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер ресми хат алмасу үшін Aitu-ды пайдаланып, бейресми байланыста WhatsApp-ты қолдануды жалғастыруы ықтимал.
Сондай-ақ кейбір сарапшылар 2026–2027 жылдары бақылау күшеюі мүмкін деп болжайды. Дегенмен бұл әзірге ресми түрде расталмаған пікір ғана.
Ұзақ мерзімді перспективаға қатысты да түрлі болжамдар айтылған. Кейбір сарапшылар Қазақстандағы бұл өзгерістерді Ресейдің тәжірибесімен салыстырғанымен, қазіргі уақытта Қазақстан билігі жеке тұлғаларға WhatsApp немесе Telegram қолдануға тыйым салынатыны жөнінде ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.