Қазақстанда қай мамандықтарға сұраныс жоғары: еңбек нарығындағы жаңа дерек

Қаракөз Амантай 19 ақп. 2026 14:57

Қазақстанда еңбек нарығындағы сұраныстың басым бөлігі бес негізгі салада шоғырланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл салалар барлық бос жұмыс орындарының 66,4 пайызын құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ең көп бос жұмыс орны дәстүрлі түрде білім беру саласында тіркелген – 33 мыңнан астам. Одан кейін қызмет көрсету саласы (11,4 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (9,7 мың), мемлекеттік басқару (7 мың) және өңдеу өнеркәсібі (6,9 мың) келеді.

Жалпы сұраныстың жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарға тиесілі – 48,9 мың бос жұмыс орны немесе 47,6 пайыз. Ең көп қажет мамандар қатарында медбикелер (1,9 мың), санитарлар мен жүргізушілер (әрқайсысы 1,8 мың), сондай-ақ математика пәні мұғалімдері (1,7 мың) бар.

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 102,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 162,4 мың түйіндеме орналастырылған. Яғни бір жұмыс орнына орта есеппен 1,58 үміткерден келеді. Вакансиялардың 80 пайыздан астамы білікті мамандарға арналған.

Өңірлер бойынша бос жұмыс орындары ең көп Астанада (8,9 мың), Түркістан облысында (7,3 мың), Қарағанды облысында (7,1 мың) және Алматыда (6,9 мың) тіркелген.

Ал жұмыс іздеушілер ең көп Түркістан облысынан шыққан. Жалпы саны 23 мың түйіндеме келіп түскен. Сондай-ақ Атырау (12,2 мың), Маңғыстау (11,3 мың), Қызылорда (10,9 мың) облыстарының тұрғындары белсенділік танытқан. Алматыда 10,8 мың, Астанада 10,6 мың түйіндеме орналастырылған.

Жалақыға келсек, қаңтар айында ең жоғары еңбекақы бұрғылау супервайзерлеріне (орта есеппен 991 мың теңгеден), тау-кен өндірісіндегі учаске басшыларына (876 мың теңгеден) және бас геологтарға (803 мың теңгеден) ұсынылған. Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтімі жаңа өнімдерді әзірлеу жобаларының жетекшілерінде (1,3 млн теңге), жеке сектордағы коммерциялық директорларда (1,2 млн теңге) және баптау және сынақ инженерлерінде (865 мың теңге) байқалған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove