Қазақстанда қарасора өсірудің ережесі бекітілді

Сағыныш Сардарова 01 қаз. 2025 09:11

Қазақстанда өнеркәсіптік мақсатта қарасора өсіру ережелері жаңадан бекітілді. Қаулының негізгі мақсаты – өсімдікті тек өндірістік бағытта пайдалану және оның заңсыз айналымының алдын алу, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа тәртіпке сай қарасораның тек арнайы рұқсат етілген сорттарын егуге болады. Ол үшін міндетті түрде лицензия қажет.

Өсіретін аумақ елдімекендерден, жолдардан және басқа да егіс алқаптарынан кемінде екі шақырым қашықта орналасуға тиіс. Учаске толықтай торлы немесе тікенек сыммен қоршалып, тәулік бойы күзетіледі. Кіру-шығу тек бір қақпа арқылы жүзеге асырылады.

Тұқым пайдаланбас бұрын зертханалық тексерістен өтеді. Оның құрамындағы тетрагидроканнабинол (ТГК) көрсеткіші нормадан аспағаны дәлелденуі керек. Егер өсіру барысында ТГК деңгейі көтерілсе, ол дереу жойылады.

Мемлекет бұл арқылы қарасораны мата, қағаз, құрылыс материалдары сияқты өнімдер өндірісінде қолдануды жүйелемек. Сонымен қатар, психобелсенді заттардың таралуына тосқауыл қойып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар