2025 жылы білім беру саласындағы орташа айлық жалақы 322,7 мың теңге болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Datahub Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Ресми дерек бойынша, жалақы номиналды түрде 6,8%-ға өскен. Алайда инфляцияны есепке алғанда, нақты жалақы 4,1%-ға төмендеген.
Осылайша, педагогтердің нақты табысы қатарынан үшінші жыл төмендеп отыр. Оның үстіне, құлдырау қарқыны үдейе түскен. Салыстыру үшін айтсақ, жалпы экономика бойынша нақты жалақы 1,4%-ға азайған. Бұл – 2017 жылдан бергі алғашқы төмендеу.
Ал бұған дейін, 2019–2021 жылдары білім саласындағы жалақы айтарлықтай қарқынмен өсіп, жыл сайын орта есеппен 17,8% болған. Бұл көрсеткіш басқа салалармен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары болған.
Қазіргі таңда білім беру саласы жұмыскерлер саны бойынша ең ірі сектор болып қала береді. Бұл салада 1,1 миллион адам еңбек етеді, яғни барлық зерттелген кәсіпорын қызметкерлерінің 29%-ы.
Соның ішінде 708 мың адам мектептер мен колледждерде жұмыс істейді. Дәл осы сегментте нақты жалақы 6,1%-ға төмендеген.
