Қазақстанның тұрғын үйді жалға беру нарығында баға өсімі жалғасуда. Krisha.kz деректеріне сәйкес, тамыз айында еліміздің көптеген қалаларында пәтер жалдау құны айтарлықтай қымбаттаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шілде айының соңынан тамыздың соңына дейінгі аралықта барлық санаттағы баспананың жалдау ақысы өскен. Ең жоғары өсім екі бөлмелі пәтерлерде тіркелді – олардың орташа құны бір айда 13 пайызға артқан. Бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 11 пайызға, ал үш бөлмелі баспаналар 10 пайызға қымбаттаған.
Сарапшылардың айтуынша, жалдау нарығындағы бұл өзгеріс тек Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға ғана тән емес. Бағаның өсуі өңірлік орталықтардың көпшілігінде байқалған.
Кей өңірлерде баға төрттен бірге дейін көтерілген
Бірқатар қалаларда пәтер жалдау құны бір айдың ішінде 20 пайыздан астам өскен. Мәселен, Қарағанды, Қостанай және Павлодар қалаларында екі бөлмелі пәтерлердің орташа жалдау ақысы 20–26 пайызға өсіп, 230–250 мың теңгеге дейін жеткен. Ал Көкшетауда үш бөлмелі пәтерлердің бағасы бірден 30 пайызға қымбаттаған. Павлодарда бір бөлмелі пәтерлерді жалдау құны шамамен 29 пайызға артқан.
Астана Алматыдан алда
Тамыз айында Астана жалдау бағасы бойынша Алматыдан озық тұрған қалалардың қатарында қалды. Бұған дейін шілде айында елорда алғаш рет бұл көрсеткіш бойынша Алматыны басып озған болатын. Қазір Астанада бір бөлмелі пәтерді жалдау үшін орта есеппен 250 мың теңге қажет. Алматыда мұндай баспананың орташа бағасы 230 мың теңге. Екі қалада да екі бөлмелі пәтерлердің орташа жалдау құны 350 мың теңге болса, үш бөлмелі баспаналар шамамен 500 мың теңгеге ұсынылуда.
Баға төмендеген жалғыз қала
Тамыз айындағы мониторинг нәтижесінде жалдау ақысы арзандаған жалғыз қала – Қонаев болды. Бұл қалада бір бөлмелі пәтерлердің бағасы орта есеппен 10 мың теңгеге төмендеген. Ал басқа санаттағы тұрғын үйлердің жалдау құны айтарлықтай өзгеріссіз қалған. Осылайша жаңа оқу жылы мен іскерлік маусым қарсаңында тұрғын үйге сұраныстың артуы жалдау нарығындағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр.