Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың құқықтық мәртебесін айқындау мәселесі келесі жылы қайта қаралады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңестің отырысында мәлім болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жаңа Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар экономикалық белсенді азаматтардың жаңа санаты ретінде енгізілген. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ қызмет көрсететін немесе жұмыс орындайтын, жалдамалы жұмысшы тартпайтын әрі салық заңнамасында белгіленген талаптарға сай келетін жеке тұлғалар.
"Қолданыстағы заңнама өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызбайды. Соның салдарынан шағын және орта бизнеске қатысты ресми статистикада бұл санат есепке алынбайды. Бұл Салық, Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстер арасында құқықтық қайшылық туындатып отыр", - деп хабарлады министрлік.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, арнайы салық режимін айына табысы 300 АЕК-тен аспайтын, жалдамалы қызметкер ұстамайтын және рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын жеке тұлғалар пайдалана алады. Бұл режим бойынша олар тек 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлемдер төлейді.
Министрлік дерегіне сәйкес, жыл басынан бері 688,8 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат тіркелген. Оның 597 мыңы немесе 87 пайызы Yandex, inDrive, Wolt және басқа да цифрлық платформалар арқылы еңбек етеді. Ал 91,5 мың адам қызметін өз бетінше жүргізеді.
"Тіркелгендердің 84,2 мыңы бұрын жеке кәсіпкер ретінде есепте тұрған. Ал 546,4 мың азамат бұған дейін кәсіпкер ретінде мүлде тіркелмеген. Осылайша, жарты миллионнан астам адам алғаш рет ресми жұмыспен қамту және салық жүйесіне қосылды", - делінген министрлік ақпаратында.
Отырыс барысында қатысушылар өзін-өзі жұмыспен қамтуды дербес экономикалық қызмет ретінде тану, кәсіпкерлікке өтудің аралық кезеңі немесе жұмыспен қамтудың ерекше санаты ретінде белгілеу мәселесін талқылады. Бұл шешім алдағы уақытта Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстерге енгізілетін өзгерістерге әсер ететіні айтылды.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерде бекітуге қатысты өзгерістер қазіргі түзетулер топтамасына енгізілмейді. Бұл мәселеге жаңа салық режимінің қолданылу тәжірибесі қалыптасқаннан кейін, келесі жылы қайта оралу жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігі.
Сондай-ақ отырыста өнімді бөлу туралы келісімдер аясында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылар үшін электр энергиясының теңгерімдеуші нарығындағы операцияларға салық салу мәселесі қаралды. Қатысушылар бұл бағытта да заңнамалық реттеуді жетілдіру қажет деген ортақ пікірге келді.