Қазақстанда неке саны 10 жылда 22%-ға азайды

Қазақстанда неке саны 10 жылда 22%-ға азайды
pixabay.com

Қазақстанда соңғы он жылда неке қию көрсеткіші айтарлықтай төмендеген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін азайған.

Осылайша, он жыл ішінде тіркелген неке саны шамамен 22%-ға қысқарған.

Ұлттық статистика бюросы Халықаралық отбасы күніне орай елдегі отбасы статистикасын жариялады.

«2015 жылмен салыстырғанда тіркелген неке саны 148,8 мыңнан 2025 жылы 116 мыңға дейін төмендеді. Осылайша, он жыл ішінде неке саны шамамен 22%-ға қысқарды. Сәйкесінше, некелесу коэффициенті де төмендеді. Егер 2015 жылы 1000 адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69 болды», – делінген бюро хабарламасында.

Статистикаға сәйкес, өңірлер арасында ең жоғары некелесу коэффициенті Астанада тіркелген. Елордада 1000 адамға шаққанда 6,75 неке келеді.

Ал ең төмен көрсеткіштер:
— Қызылорда облысында – 5,06,
— Батыс Қазақстан облысында – 5,1 болған.

«Астанадағы жоғары некелесу коэффициенті жастардың көші-қон белсенділігімен және еңбекке қабілетті халықтың шоғырлануымен байланысты болуы мүмкін. Айта кету керек, соңғы 20 жылдағы некелесудің шарықтау шегі 2012-2013 жылдары болды. Ол кезде көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 9,8-9,9 некені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2005 жылы некелесу коэффициенті 8,12 болған», – делінген мәліметте.

Сонымен қатар бюро неке санының азаюына демографиялық фактор әсер етіп отырғанын атап өтті.

«Неке санының төмендеу факторларының бірі – демографиялық толқын. 1980 жылдардың соңындағы көп буыннан кейін неке жасына 1990 жылдардың соңында туған ұрпақ келді. Ал ол кезеңде елдегі туу көрсеткіші айтарлықтай төмен болған. Сонымен қатар қазақстандықтар кешірек үйлене бастағанын да атап өткен жөн. Соңғы 10 жылда алғашқы неке жасы ерлер арасында 0,7 жасқа, әйелдер арасында 0,6 жасқа өсті. Нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш ерлерде 27,9 жас, әйелдерде 25,3 жас болды», – деп хабарлады бюро.

Бұған дейін жарияланған ресми статистика бойынша, 2025 жылы Қазақстанда 45,7 мың ажырасу тіркелген. Бұл барлық некенің шамамен 39,4%-ына тең.

Ажырасулардың 74,4%-ы қалаларда болған. Сонымен қатар барлық некенің 80,4%-ы бір этнос өкілдері арасында қиылса, 19,6%-ы этносаралық неке болған.

Сарапшылардың пікірінше, жастар арасында отбасыға деген көзқарас өзгеріп келеді. Көпшілігі алдымен білім, мансап және қаржылық тұрақтылыққа басымдық береді. Сонымен қатар ресми неке қимай бірге өмір сүру тәжірибесі де жиілеп барады.

Мамандар отбасы институтындағы өзгерістер демографияға ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа да тікелей әсер ететінін айтады.