Қазақстанда Израильдің ұлттық су компаниясы Mekorot-тың елдегі су жобаларына қатысуына қатысты петиция алғашқы 50 қолды жинап, мемлекеттік модерацияға жіберілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Петиция «Отстоим водную независимость Казахстана» деген атаумен ePetition платформасында жарияланған. Автордың айтуынша, бастама Қазақстанның стратегиялық су ресурстарына қатысты тәуелсіздігін қорғау және су саласындағы шетелдік компаниялардың қатысуына байланысты ықтимал тәуекелдерді қоғам талқысына шығару мақсатында көтерілген.
Бұл мәселе Mekorot-тың Қазақстандағы су саласына қатысты жобаларға қатысуы туралы ақпараттың таралуынан кейін өзекті бола түсті. Компания өкілдері бұған дейін Қазақстан тарапымен су ресурстарын басқару, инфрақұрылымды жаңғырту, суды үнемдеу және су жүйелерін цифрландыру бағыттарын талқылаған. Атап айтқанда, 2026 жылдың қаңтарында Mekorot өкілдері Алматыдағы су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспарына қатысты жұмыстарға қатысқан. Сонымен қатар Түркістан облысында су инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кездесулер өткен.
Петиция авторын алаңдатып отырған негізгі мәселе — шетелдік компанияның технология, цифрлық жүйелер, деректерді сақтау, техникалық қызмет көрсету немесе инфрақұрылымды басқару тетіктеріне тәуелділік туындау мүмкіндігі. Яғни әңгіме тек су құбырлары немесе инфрақұрылым туралы емес, стратегиялық ресурсқа қатысты технологиялық және басқарушылық тәуелсіздік туралы болып отыр.
Сонымен бірге қазіргі таңда Mekorot Қазақстанның су ресурстарын немесе Алматының су жүйесін өз бақылауына алды деген ресми расталған ақпарат жоқ. Бұған дейін мұндай мәлімдемелер фактчек материалдарында да жоққа шығарылған. Сондықтан петициядағы мәселе нақты берілген бақылау құқығынан гөрі, болашақтағы ынтымақтастықтың шарттары мен оның ықтимал тәуекелдеріне қатысты.
Петиция авторы Threads желісіндегі бастаманың алғашқы 50 қолды жинап, модерацияға өткенін хабарлады. Оның айтуынша, енді петиция бойынша мемлекеттік орган оны қарауға тиіс.