Қазақстанда азаматтың дәстүрлі емес жыныстық бағдары немесе діни көзқарасы оны мерзімді әскери қызметтен босатуға негіз бола алмайды. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Вице-министрден әскерге шақырылушының дәстүрлі емес жыныстық бағдары әскери қызметтен жалтаруға себеп бола ала ма деген сұраққа жауап беру сұралған.
Асқар Мұстабековтің айтуынша, мұндай жағдайлар әскерге шақырудан босатуға негіз ретінде қарастырылмайды.
«Діни сенімдерге қатысты да ұстаным осындай. Бұл әскери қызметтен босатуға себеп болмайды», – деді ол.
Сонымен қатар министрдің орынбасары Қазақстандағы қолданыстағы заңнамаға тоқталды.
«Бізде гендерлік саясатқа, ЛГБТ мәселесіне қатысты заңнамалық шектеулер бар», – деп атап өтті Асқар Мұстабеков.
Осылайша, Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, азаматтың діни көзқарасы немесе дәстүрлі емес жыныстық бағдары оны міндетті әскери қызметтен босатуға құқық бермейді.