Қазақстанда күдіктілерді қамауда ұстау мерзімін ұзартуға қатысты норма заңнамалық тұрғыдан өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Конституциялық соттың хабарлауынша, аталған шешім Конституциялық соттың түпкілікті қорытындысында айтылған құқықтық тұжырымдар негізінде қабылданған. Онда үкіметке Қылмыстық-процестік кодексті (ҚПК) жетілдіру мәселесін қарастыру ұсынылған.
Атап айтқанда, Конституциялық сот азаматтың ҚПК-нің 152-бабының 6-бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қараған. Бұл нормаға сәйкес, күдікті мен оның қорғаушысы қылмыстық іс материалдарымен танысқан кезеңі тергеу барысында қамауда ұстау мерзіміне кірмейді. Алайда сот үкім шығарғанда бұл уақыт есепке алынады.
Өтініш иесі — азаматша А. — тергеу амалдары аяқталғаннан кейін де, өзі іс материалдарымен танысудан бас тартқанына қарамастан, қамауда бір жылдан астам уақыт отырғанын алға тартқан. Осы уақыт ішінде оның қорғаушысы мен басқа да тараптар іс материалдарымен танысуды жалғастырған. Бұл жағдай азаматшаның пікірінше, оның Конституциямен кепілдендірілген жеке бас бостандығын бұзған.
Конституциялық сот бұл мәселеге түсініктеме бере отырып, іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні қамауда ұстау арнайы тергеу судьясының санкциясымен және ҚПК-да белгіленген тәртіппен ұзартылуы қажет екенін атап өтті.
“Егер күдікті мен оның қорғаушысы іс материалдарымен танысуды әдейі созатын болса, тергеу органы материалдармен танысудың нақты кестесін жасап, оны прокурордың бекітуімен белгілі бір мерзім белгілей алады. Сонымен қатар қорғаушы мен күдікті арасында өзара келісім болмағаны аталған норманы Конституцияға қайшы деп тануға негіз бола алмайды. Мұндай жағдайда тергеу органы күдіктінің де пікірін ескере отырып, танысу кестесін барша қатысушылар үшін жеке-жеке белгілейді”, – делінген сот хабарламасында.
Бұдан бөлек, Конституциялық сот күдіктіні қамауда ұстауға қатысты бірқатар мәселелердің жеткіліксіз реттелгенін атап өтті.
“Атап айтқанда, ҚПК-де көрсетілгендей, қамауда ұстау мерзімін тергеудің әр кезеңіне бөліп қарастыру сот санкциясының шекті мерзімдерін айналып өтуге жол ашуы мүмкін. Қолданыстағы тәжірибеде іс материалдарымен танысу уақытына байланысты қамауда ұстау мерзімінің есебі тоқтайды. Бұл – күдікті мен қорғаушысы танысуға қатыспаған күндердің де жалпы мерзімнен шығарылып тасталуына әкеп соғады. Сонымен қатар, ҚПК нормаларында қорғаушы мен күдіктінің арасында қарама-қайшылық болған жағдайда соңғы кезеңдегі заң көмегін көрсету тәртібі нақты реттелмеген”, – делінген мәлімдемеде.
Конституциялық соттың №74 нормативтік қаулысы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті және түпкілікті болып табылады, шағым жасауға жатпайды.