Қазақстанда криптовалютадан түскен табысқа салық жеңілдігі енгізілуі мүмкін

Қазақстанда криптовалютадан түскен табысқа салық жеңілдігі енгізілуі мүмкін
Фото: ЖИ

Қазақстанда цифрлық активтер нарығын заңдастыру және оның ашықтығын арттыру мақсатында жаңа салықтық жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Тиісті ұсыныстар жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген кезекті түзетулер пакетінде қамтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, азаматтарды цифрлық активтермен заңды түрде операция жасауға ынталандыру көзделіп отыр. Ұсыныс қабылданған жағдайда Қазақстанда тіркелген цифрлық активтер қызметін көрсетуші провайдерлер арқылы мәміле жасаған жеке тұлғалар осы операциялардан алған табысы үшін жеке табыс салығын төлеуден босатылуы мүмкін.

"Жеке тұлғаларды цифрлық активтердің заңды айналымына тарту үшін жеңілдетілген салық шарттарын енгізу ұсынылып отыр. Қазақстандық цифрлық активтер провайдерлері арқылы жасалған операциялардан алынған табысты жеке табыс салығынан босату қарастырылған", – деп хабарлады министрлік.

Жоспар бойынша бұл жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

Бастаманың негізгі мақсаты – криптовалюта мен өзге де цифрлық активтерге қатысты операцияларды көлеңкелі айналымнан шығарып, азаматтарды Қазақстан аумағында заңды жұмыс істейтін платформаларды пайдалануға ынталандыру. Сонымен қатар бұл шара елдегі цифрлық активтер нарығын дамытуға және мемлекет бақылауындағы ашық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.

Аталған ұсыныс жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 21-отырысының қорытындысы бойынша әзірленген. Қазіргі уақытта түзетулер талқылау сатысында және заң жобасы қаралғанға дейін бизнес өкілдерімен қосымша пысықталмақ.