Қазақстанда қарызын өтеуде қиындыққа тап болған компанияларға міндеттемелерін қайта жоспарлауға мүмкіндік беретін жаңа тәртіп енгізу ұсынылды. Бұл тетік кәсіпорындардың банкрот болуына жол бермей, жұмысын жалғастыруына және кредиторлар алдындағы берешегін қайтаруына көмектеседі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Алматыда өткен дөңгелек үстелде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов мәлімдеді.
Bes.media мәліметінше, ұсыныс бойынша борышкер компания алдымен қарызды өтеу жоспары мен алдағы қаржылай есебін дайындайды. Кейін оны негізгі кредиторлармен талқылап, дауысқа салады. Қолдау тапқан жоспар содан кейін ғана соттың қарауына жіберіледі.
Сот құжаттарды жедел тәртіппен қарайды. Атап айтқанда, келісу рәсімдерінің дұрыс жүргізілгенін, кредиторларға қажетті ақпараттың толық берілгенін, дауыс беру нәтижелерін және ұсынылған шарттардың әділдігін тексереді.
Жоспар сотта бекітілсе, оны қолдамаған кредиторлар да қабылданған талаптарды орындауға міндетті болады. Алайда олардың мүддесі қорғалуға тиіс. Мәселен, қарсы дауыс берген кредитор компания толық таратылған жағдайда алатын сомадан аз қаражат алмауы керек.
Құжат сотта қаралып жатқанда компанияға уақытша қорғаныс беріледі. Осы кезеңде кредиторлар қарызды өз бетінше өндіріп алу шараларын бастай алмайды.
Жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – келіссөздердің негізгі бөлігі сотқа жүгінгенге дейін жүргізіледі. Соның арқасында қарызды қайта құрылымдау уақыты қысқарып, оның нәтижесін алдын ала болжау жеңілдейді.
Сонымен қатар кредиторларды бірнеше топқа бөліп, әр топтың бөлек дауыс беру тәртібін енгізу ұсынылды. Жоспарды қабылдау үшін қарыз талаптарының жалпы құны бойынша шамамен 75% қолдау қажет болады. Белгілі бір топ қарсы болған жағдайда да, тиісті талаптар сақталса, сот жоспарды бекіте алады.
Бұдан бөлек, төлем қабілетсіздігіне байланысты күрделі істерді қарайтын судьяларды мамандандыру көзделіп отыр. Алдымен арнайы сот құрамдары жасақталып, кейін осындай істерге арналған жеке сот құру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Тағы бір ұсыныс – шетелдік компаниялар мен кредиторлар қатысатын банкроттық рәсімдерін халықаралық талаптарға сәйкестендіру. Бұл шетелдік соттармен жұмыс істеуді жеңілдетіп, халықаралық дауларды шешу тәртібін түсініктірек етуге тиіс.
Сондай-ақ облигация шығарған компания қарызын өтей алмаған жағдайда инвесторлардың ортақ мүддесін қорғайтын арнайы сенімгер өкіл институтын енгізу жоспарланған.