Түркістан облысында жүк көлігіндегі өрт сөндірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазығұрт ауданында, Рабат ауылынан 8 шақырым қашықта, республикалық маңызы бар Алматы - Термез - Ташкент тасжолында тіркемесі бар жүк көлігі және шамамен 1 гектар аумақтағы құрғақ шөп жанған.
"Жүк көлігінде 22 тонна синтетикалық май болған. Өрт салдарынан жүк көлігі мен тіркеме толық жанып, синтетикалық майдың бір бөлігі жолға төгілген. Түркістан облысы және Шымкент қаласы ТЖМ күштері өртті толық сөндірді", - деп жазылған хабарламада.
Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жол қызметінің мамандары жұмыс істеп, синтетикалық майдың салдарын жойған.
Жұмыстар шамамен 500 метр жол учаскесінде жүргізілген. Төтенше жағдайға ТЖМ-ның 20 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылған.