Зеленскийдің ескертуінен кейін түрік әуе компаниялары Мәскеуге рейстерін тоқтатты

Зеленскийдің ескертуінен кейін түрік әуе компаниялары Мәскеуге рейстерін тоқтатты
ЖИ: Dalanews.kz

2 қыркүйекке қараған түні түріктің бірқатар әуе компаниялары Мәскеуге және кері бағыттағы кем дегенде бірнеше рейсті тоқтатты. Бұл туралы ресейлік салалық пабликтер хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәскеудегі «Внуково» әуежайында түнде «Ковер» деп аталатын арнайы режим (әуе кеңістігін шұғыл жабу тәртібі) енгізілген. Алайда шектеулер күшіне енбей тұрып-ақ түріктің Pegasus Airlines әуе компаниясы Анталия мен Измирден Мәскеуге бағыт алған PC-1576 және PC-1521 рейстерін кері бұрған.

Сол сәтте бірінші ұшақ Литва аумағының үстінде, ал екіншісі Венгрия аумағында болған. Хабарланғандай, екі әуе кемесі де ұшып шыққан әуежайларына қайта оралған. Литва әуе кеңістігіндегі ұшақ Каунас қаласы маңында бағытын күрт өзгерткен. Мәскеу уақыты бойынша сағат 01:35-те ол Анталия халықаралық әуежайына қонған.

Мәскеу уақытымен 22:45-те Ыстанбұлдан ұшуы тиіс болған PC-386 рейсі де, Flightradar24 сервисінің мәліметінше, ұшуға дайындалғанымен, әуежайдан көтерілмеген. Сондай-ақ Бодрумнан PC-1456, Ыстанбұлдан PC-390 және Даламаннан PC-1458 рейстері орындалмаған. Түркиядан ұшақтар Мәскеуге жетпегендіктен, Pegasus Airlines кері бағыттағы рейстерін де жүзеге асыра алмаған.

Осылайша Анталия, Ыстанбұл, Измир, Бодрум және Даламан бағыттарына билет сатып алған жолаушылар Мәскеуден Түркия қалаларына ұша алмады. Туристерге рейстердің басқа күндерге ауыстырылғаны хабарланғанымен, нақты қай күндер екені әзірге белгісіз.

«Баламалы рейстер туралы ақпарат қосымша хабарлама арқылы жіберіледі. Қазіргі уақытта басқа рейстерге қайта брондау жоспарланбаған. Федералдық авиация қағидалары аясында қызмет көрсету қарастырылмаған», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Turkish Airlines әуе компаниясы да Ыстанбұлдан Мәскеуге бағытталған TK-419 және TK-407 рейстерін тоқтатты. Соған сәйкес кері бағыттағы TK-420 және TK-408 рейстері де орындалмаған.