Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржы бес есе өсті

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржы бес есе өсті
Gov.kz

Қазақстанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин биыл көктемгі егін егу және жинау жұмыстарына кемінде 750 млрд теңге бағытталатынын мәлімдеді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен бес есе көп.

Оның айтуынша, ерте несиелеу тетіктері мен кепілдік беру құралдарын енгізу диқандарды қолдау көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берген. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында фермерлерге қаржы 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі.

Қазіргі уақытта несиелеудің жалпы сомасы 534 млрд теңгеден асқан. Жеңілдетілген қарыздарды 6,4 млн гектардан астам алқапқа егін егіп отырған 4,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші алған.

Рустам Қарағойшин кепіл тапшылығы мәселесін шешу үшін «Даму» қорының кепілдік беру құралы белсенді қолданылып жатқанын айтты. Бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 209 млрд теңгеге 1,5 мың кепілдік берілген. Бұл құрал несие сомасының 85%-ына дейін жабады.

Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру жалғасып жатыр. Бағдарлама аясында техника жылдық 5% мөлшерлемемен рәсімделеді.

Жыл басынан бері фермерлерге 180 млрд теңгеден астам сомаға 5 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы берілген. Оның 90%-ы Қазақстанда өндірілген техника екені айтылды.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов бұрын берілген несиелердің қайтарылуын бақылауда ұстауды тапсырды.

«Мұны да бақылауда ұстау керек, әйтпесе біз жыл сайын қаражат бере алмаймыз. Қаржыландырудың мұндай қомақты көлемі негізінен револьверлік механизм бойынша берілуі тиіс: алдымен қаражат қайтарылады, содан кейін қайтадан беріледі», — деді премьер-министр.