Қазақстанда кинотеатрлар мен фильмдерді прокатқа ұсынатын компаниялардың жұмысын бірыңғай тәртіпке келтіру көзделіп отыр. Мұндай ұсынысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кино прокаты нарығына жүргізілген талдаудан кейін көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"За нами уже выехали" телеграм арнасының мәліметінше, зерттеу 2024–2025 жылдарды қамтыған. Осы кезеңде қазақстандық кино прокаты нарығының көлемі 76,2 млрд теңгеге жеткен. Талдау барысында 60-тан астам нарық субъектісінің қызметі қарастырылған.
Агенттік мамандары саладағы бәсекелестік әлі де шектеулі деген қорытындыға келген. Нарықтағы ең ірі ойыншы - Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі, одан кейін Chaplin Cinemas тұр. Ал кейбір өңірлерде небәрі бір немесе екі компания ғана жұмыс істейді.
Саладағы тағы бір түйткіл кинотеатрлар мен фильмдерді көрсету құқығын беретін дистрибьюторлар арасындағы бірыңғай талаптардың болмауына байланысты. Соның салдарынан кинотеатрлардың жаңа фильмдер мен премьераларға қол жеткізу шарттары әркелкі болуы мүмкін.
Осыған байланысты агенттік кино прокаты нарығына ортақ ережелер әзірлеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін үлгілік келісімшарт енгізу және нарықтағы бақылауды күшейту мәселесі көтерілген.