Премьер Олжас Бектенов бүгінгі таңда республикада тұрғындарының саны 50 адамға да жетпейтін, бірнеше отбасы қалған 546 ауылдық елді мекен (АЕМ) бар екенін жария етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz Alash.KZ-ке сілтеп.
Олардағы халықтың жалпы саны 14,2 мың адамдай ғана. Осыны 546 ауылға бөлгенде, орта есеппен шамамен 26 тұрғыннан ғана келеді. Заң бойынша жұртшылығы елу адамнан аз болса, ол елді мекен таратылуы мүмкін.
Бірақ мемлекет бірнеше ауылдың тұрғындарын бір ауылға көшіріп, жинақыландыруға тырысып жатқан көрінеді. Онысынан түк шықпаса, бейбіт күнде жүздеген ауыл ел аумағынан жойылады.
"Негізінен, мұндай шағын ауылдар басқа елді мекендерден едәуір қашық орналасқан. Осыны ескеріп, шағын ауылдарды қолдаудың ұтымды шараларының бірі ретінде кластерлік тәсіл таңдалды. Оған сәйкес, бірнеше көрші ауылды оның бірінде қажетті әлеуметтік объектілерді орналастыру арқылы біріктіріп, ішінен орталығы ретінде даму әлеуеті бар ауылын дамыту көзделеді", – деді О.Бектенов.
Үкімет басшысының дерегінше, қазіргі уақытта елімізде даму әлеуетіне ие 3,5 мың ауыл ғана қалды (бұрынғы жылдары бес мыңдай саналатын). Соның ішінде 1,2 мыңы – тірек ауыл және 2,3 мыңы – серік-спутник ауыл саналады. Осыларда ауыл халқының 90%-ы тұрады. Енді оларды қаржыландыру негізінен "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасымен республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуда, деп жазды Inbusiness.kz.
"Жалпы, "ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңының 3-тармағының 2-бабына сәйкес, халқының саны 50 адамнан азайған шаруа қоныстары мен өзге елді мекендер ең жақын елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай ауылдық елді мекендер (АЕМ) тұрғындары орталық ауылдарда көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады және осы АЕМ-де тұру құқығын сақтайды. Мемлекет оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ пошта, медициналық қызметтер көрсетуді және басқасын қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды қолдауды жалғастыруда", – деді Премьер.
Оның айтуынша, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру аясында тұрғындардың саны 50 адамнан кем АЕМ-дердің жұртшылығы үшін ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы көзделген. Оған көнгендер басқа елді мекендерге жұмысқа орналастырылады, тасымалданады, сондай-ақ егер мүмкіндік болса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй берілуі мүмкін.
Қараң қалған жүздеген ауылдың мыңдаған тұрғынын көшіріп алуға көрші ауылдық округтердің, шағын қалалардың, аудан орталықтарының жағдайы келе бермейді. Өздерінің де жағдайы мәз емес, бюджеті жұтаң. Дегенмен, жұртының басым көпшілігі ауа көшкен ауылдарды қолдау үшін заң жүзінде әкімдерге аудандарды, ауылдық округтерді дамыту жоспарлары аясында, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жекелеген жобаларды, бюджеттік бағдарламаларды, түрлі іс-шараларды жүзеге асыру құқығы беріліпті.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлдан 200 шақырым жерде орналасқан Балуан ауылы кезінде өркендеген үлкен ауыл болған еді. Бүгінде онда бес-алты отбасы ғана тұрады, көбісі көшіп кетуге мүмкіндігі жоқ жалғызбасты, егде жастағы адамдар немесе қариялар. Олар күнкөрісі үшін мал ұстайды.
Сол азын-аулақ малды бағу үшін ауыл маңында жер қалмапты. Өйткені елді мекеннің жері 90-шы жылдары пайшыларға таратылған, одан әрі белгісіз үшінші тұлғаларға тиесілі болып кеткен. Салдарынан, жайылым мен егістік алқабы болмай, ауыл шаруашылығы кәсібі қанат жаймай, табыс таппаған тұрғындар бұл маңды тәрк етіпті. Ұқсас жағдай еліміздің көптеген өңірінде көрініс табуда.
Мәжілісмен Нұрлан Әуесбаев экономикасы құлдырап, ауылдардың жаппай жойылуына тосқауыл қою үшін ауылдықтарды қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет деп санайды.
"Үкімет тығырықтан шығу үшін азаматтарды оңтүстік аймақтардан солтүстікке көшіруге тырысуда. Өкінішке қарай, азаматтарды көшіру бағдарламасына бөлінген мемлекет қаражаты ұрланып жатыр. Бас прокуратураның хабарлауынша, 1 миллиард теңгесі ұрланған! Барлық жерде коррупция. Қарапайым халық әділетсіздіктен шаршады. Үкімет сыбайлас жемқорлық схемаларын болдырмау үшін қоныс аудару бағдарламаларының іске асырылуын бақылауды күшейтуге міндетті. Сондай-ақ, проблемаларды тиімді шешу үшін ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерімен айналысатын әртүрлі меморгандар арасындағы үйлестіруді жақсартуы керек", – деді депутат.
Үкімет басшысы ауыл тұрғындары үшін жайылым жетіспеушілігі проблемасы барын жасырмады. Оның айтуынша, 2022 жылдың сәуірінде Ауыл халқының мұқтажы үшін жерлерді қайта бөлуді, сондай-ақ жер ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау жөнінде республикалық комиссия құрылып, бірнеше ай жұмыс істеді.
Бектеновтың айтуынша, сол жер комиссиясы шартты жер үлестері иелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулерді де әзірлепті. Алайда ол түзетулерді заң жобаларын келісу барысында Мәжіліс депутаттарының өзі қолдамай тастаған екен. Олар қабылданғанда, Балуан ауылы сияқты елді мекендердің мәселесі шешілетін бе еді.
"Осыған байланысты қазіргі уақытта өңірлердегі ведомствоаралық және жұмыс комиссияларының отырыстарында мәселелерді қарау арқылы туындаған жекелеген проблемаларды нақтылы шешу бойынша жергілікті тәсіл қолданылады. Күрмеулі мәселелер әр кәсіпорын бойынша жеке пысықталады", – деді Премьер.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті әкімдіктер өздеріндегі шартты жер үлесіне құқықтарын жоғалтқан пайшыларға әлеуметтік көмек төлеу бойынша келісімшарттар жасасу үшін сол жерлерге ие болған агроқұрылымдармен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, 21,6 мың пайшының 16,6 мыңымен келісім бекітілді. Оларға 2023 жылы ақшалай 296,1 миллион теңге және заттай 19,6 мың тонна өнім беру арқылы өтемақы төленіпті.
Бірақ арнайы заң болмаған соң, мұның бәрі жергілікті жоба, уақытша шара дәрежесінде шектеледі. Демек, депутаттар "ауыл-ауыл!" деп дабылдаған көзбояу тірлігін доғарып, ауылға керекті, оның ең өзекті мәселелерін шешіп беретін заңдар қабылдаса, құба-құп.
Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды неғұрлым тиімді дамыту үшін меморгандар арасындағы үйлестіруді жақсартуға қатысты пікір білдірді. Оның мәліметінше, осы үйлестірудің тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет былтыр 2023–2024 жылдарға арналған Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітті.
"Ол Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен іске асырылуда. Тұжырымдаманы орындаудың нақты мерзімдері, орындаушылары және басқасы айқындалды. 56 іс-шараны жүзеге асыруды көздейтін Іс-қимыл жоспары әзірленді. Бұл тұжырымдамада "Жайлы мектеп", "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту", Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, "Ауыл аманаты", "Бір ауыл – бір өнім", "Ауыл – Ел бесігі" және басқа бағдарламалық құжаттардың ережелері біріктірілді", – деді Олжас Бектенов.
Осылайша, оның түсіндіруінше, жаңа тұжырымдаманы іске асыру аясында Үкіметтің өзі орталық меморгандар мен жергілікті әкімдіктердің ауылдық аумақтарды дамыту қызметін үйлестіреді.
Үкімет басшысы бүгінде барлық өңірлер мен ауылдық елді мекендер үшін Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ауылдың цифрлық картасы әзірленуде. Бұлар онлайн-режимде әрбір ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, меморгандар арасындағы бірлескен жоспарлауға және жедел шешімдер қабылдауға мониторинг пен бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін көрінеді.
"Сонымен қатар қазіргі уақытта өңірлік саясатты дамытуды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның шеңберінде елді аумақтық-кеңістіктіктік дамыту, оның ішінде шағын және моноқалаларды, ауылдық аумақтар мен агломерацияларды дамыту саясатының жаңа тәсілдері дайындалуда. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерін ескере отырып, орталық пен өңірдің өзара іс-қимыл проблемаларына кешенді талдау жүргізіліп жатыр. Жалпы, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің тұрақты бақылауында", – деп сендірді Олжас Бектенов.
Бірақ ауылдардың жойылуы да қарқынды жалғасуда.