Қазақстанда жыл сайын 75 мың түсік жасалады. Осыған байланысты емханаларда әлеуметтік осал топтағы әйелдерге тегін контрацепция құралдары беріле бастады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстанда жыл сайын 75 мың түсік жасалады. Заманауи отбасын жоспарлау әдістері бар кезде біз бұл көрсеткішті азайтуға күш салуымыз керек. Себебі әрбір түсік – әйелдің денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп. Қазіргі таңда емханаларда әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарды отбасын жоспарлау құралдарымен қамтамасыз ету үшін қажет қаражат бөлінуде", – деді министр.
Оның айтуынша, мұқтаж әйелдер контрацепция құралдарын медициналық ұйымдардың өз бюджеті есебінен алады. Ал бірқатар өңірде бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кейінгі бес жылда 18 жасқа толмаған 12 мыңға жуық қыз бала жүкті болғаны белгілі болған еді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова мәлімдеді.
Ысқақова атап өткендей, жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулық туралы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға арналған шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдар, білім беру және медициналық мекемелер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестер атсалысуда.
"Бұл бағытта мемлекеттік органдар, медициналық және білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестер бірлесіп жұмыс істеуде. Алайда, жауапкершілікті тек мектептерге немесе ата-аналарға артып қою дұрыс емес. Халықтың денсаулығы — бұл баршаға ортақ жауапкершілік, ол ұлттық игілікке негіз боларлық маңызды мәселе", — деп атап өтті ол ОКҚ алаңында.
Бұдан бөлек, Жұлдызай Ысқақова жастар арасында АИТВ туралы ақпараттың жеткіліксіз екендігін атап өтті.
"Соңғы бес жылда елімізде 18 жасқа толмаған 12 мыңдай қыз бала жүкті болып қалған. 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық белсенді, алайда UNFPA зерттеулеріне сүйенсек, олардың көпшілігінің АИТВ мен ЖИТС туралы білімі төмен", — деді спикер.