Қазақстанда жыл басынан бері терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстар үшін 17 адам сотталды

Қазақстанда жыл басынан бері терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстар үшін 17 адам сотталды
gov.kz

Қазақстанда жыл басынан бері терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстар үшін 17 адам сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді.

Белгілі болғандай, сотталғандардың бірі - Алматы қаласының тұрғыны. Ол 2017 жылы шетелге кетіп, халықаралық террористік ұйымдар жағында соғыс қимылдарына қатысқан. 2025 жылы ол шетелде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Тағы бір айыпталушы - Көкшетау қаласының тұрғыны. Ол 2013 жылдан бері шетелде жүрген және интернет арқылы терроризм мен діни экстремизмді насихаттаумен айналысқан. Ол да шетелдік арнайы қызметтердің қатысуымен ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Сот үкімімен 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола облысында және Ұлытау облысында террористік әрекетке қатысы бар деген күдікпен 6 адам ұсталды.

Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тағы 4 сотталушыға жаңа айыптар тағылды. Оларға түрмеде терроризмді насихаттады және сотталғандар арасында діни араздықты қоздырды деген күдік келтіріліп отыр.