Желтоқсан айында Қазақстандағы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 6%-ға азайып, тәулігіне шамамен 1,93 млн баррельді құрады. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Каспий құбыры консорциумының инфрақұрылымына Украина әскерінің жасаған шабуылы салдарынан Қазақстан шамамен 100 млн доллар көлемінде шығынға ұшырағанын айтқан еді.
"Нысанда шамамен 2,5 на 3 метр көлемінде үлкен тесік пайда болған. Бұл бағытталған жарылыс салдарынан орын алған. Қазіргі таңда сүңгуірлер осы ШАҚ-тың жүзу қабілетін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі кезеңде құрылғының ішіне кіріп, технологиялық жабдықтардың зақымдану деңгейін бағалау қажет болады. Егер жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болса, ШАҚ-2 де қайтадан пайдалануға беріледі", - деді министр.
Оның айтуынша, қатар жүргізіліп жатқан тағы бір бағыт - жаңа жабдықты ауыстыру жұмыстары.
"Қалпына келтіру жұмыстарына қарамастан, Энергетика министрлігі мен ұлттық мұнай-газ компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген екі жаңа шеткі айлақ құрылғысын жеткізу бойынша барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Бастапқыда жеткізу сәуір айына жоспарланған еді, алайда қазір логистика қайта пысықталып, оларды қаңтар айында жеткізу көзделіп отыр", - деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.
Еске салайық, 29 қарашада КҚК нысандарына шабуыл жасалып, ВПУ-2 деп аталатын құрылғы айтарлықтай зақымданған еді. Консорциум арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы экспортталады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты ресми нота жолдап, наразылық білдірді. Ал Украина тарапы бұл әрекет Қазақстанға қарсы бағытталмағанынмәлімдеді.
