Қазақстанда жанармай нарығын билеп-төстеген қытайлық компания сотта ұтылды

Көркем Алдабергенова 23 мау. 2025 17:35

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Ақтөбе облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ға қатысты жүргізген монополияға қарсы тергеп-тексеру нәтижелерін заңды және негізді деп таныды. Осылайша екі жылға созылған сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеп-тексеруді бастауға монополияға қарсы орган жолдаған хабарлама негіз болды. Онда бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері көрсетілген болатын. Хабарламада Акционерлік қоғамға контрагенттермен жасалған шарттарға тиісті өзгерістер енгізу арқылы бұзушылықтарды ерікті түрде жою ұсынылған. Алайда, бұл талап орындалмағандықтан, тергеп-тексеру басталды.

Монополияға қарсы орган Акционерлік қоғамның нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып, контрагенттерге экономикалық жағынан тиімсіз шарттар таңғанын анықтады. Атап айтқанда, сұйытылған мұнай газын (СМГ) жеткізу шарттарында төлем мерзімі қолданыстағы заңнамада белгіленген бес жұмыс күнінен қысқа – үш банктік күн ретінде белгіленген. Бұл талаппен келіспеген контрагенттерге жеткізу мүлдем жүзеге асырылмаған.

Сонымен қатар, компания шарттарға технологиялық жағынан негізсіз талаптарды енгізген. Қосымша келісімдерге сәйкес, автоцистерналар СМГ-мен геометриялық көлемінің 85%-на дейін ғана толтырылуға тиіс болған. Нарық қатысушыларының пікірінше, бұл талап тауарды толық тасымалдауға мүмкіндік бермей, логистикада қосымша қиындықтар туғызған. Қалдықтарды тиеу үшін белгілі бір көлемдегі автоцистерналар қажет болғандықтан, контрагенттер әуел бастан теңсіз жағдайға тап болған.

Тергеп-тексеру барысында, компанияда техникалық мүмкіндік бола тұра, автокөлікпен тасымалданатын СМГ өндірісін негізсіз шектегені және сол арқылы нарықтың басқа қатысушыларының құқықтарын бұзғаны анықталды.

Монополияға қарсы органның тергеп-тексеру қорытындысы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттары, сондай-ақ Жоғарғы сотында толық қолдау тапты. Жақын уақытта іс материалдары Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына тиісті әкімшілік шаралар қолдану мәселесін қарау үшін жолданады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар