Қазақстанда жаңа Салық кодексіне тағы да түзетулер енгізілуі мүмкін. Бұл ақпаратты премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістегі брифингте растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистер Үкімет жанындағы жобалық кеңсе отырыстарында Салық кодексіне қатысты ұсыныстар талқыланып жатқанын айтып, "бұл өзгерістер жаңа құжатқа енгізіле ме?" деп сұраған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, барлық ұсыныс қаралып жатыр. Белгілі бір мәселелер бойынша жауап беру мерзімі 3, 5 немесе 10 күн болып белгіленген. Осы уақыт ішінде нақты жауап берілмесе, мәселе жүйелі сипатқа ие деп танылып, Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының қарауына жіберіледі. Бұл топ жыл сайын жұмыс істейді.
Вице-премьердің сөзінше, енгізілуі мүмкін түзетулер жыл соңына қарай белгілі болуы мүмкін, ал олардың күшіне енуі келесі жылдан басталуы ықтимал. Кейбір нормалар бойынша Бюджет және Салық кодекстері арасында сәйкессіздіктер анықталған.
Сонымен қатар, ол Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер әдетте 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін айтты. Сондықтан қабылданатын түзетулер де келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Серік Жұманғарин нақты қандай өзгерістер қарастырылып жатқанын ашып айтпады, алайда қажет болған жағдайда бұл ақпаратты жариялауға дайын екенін жеткізді.
