Қазақстанда ғылыми қалашықтар құруға арналған заң жобасы әзірленді

Көркем Алдабергенова 07 сәу. 2026 15:20

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ғылыми қалашықтар мен ғылыми-технологиялық парктерге қатысты маңызды түзетулер қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл бастама Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырманы орындау мақсатында қолға алынған. Депутат жұмыс тобы аталған бағытты жан-жақты зерттеп, арнайы заң жобасын әзірлегенін атап өтті.

Аймағамбетовтің сөзінше, құжатта алғаш рет «ғылыми-инновациялық аумақ» ұғымы енгізіледі. «Ол жеке елді мекен – ғылым қаласы (мысалы, Курчатов) немесе ғылыми-технологиялық парк форматында болуы мүмкін», – деді ол.

Депутат мұндай аумақтар ғылым, білім және өндіріс тоғысатын ортаға айналатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жерде инвестиция тартуға және жаңа технологияларды енгізуге барлық жағдай жасалады.

Сондай-ақ заң жобасында жеңілдіктер мен арнайы қолдау тетіктері қарастырылған. Аймағамбетов «ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, инновацияларға мемлекеттік қолдау, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алу мүмкіндігі бір пакетке біріктіріледі» деп түсіндірді.

Оның сөзінше, бұл бастама зерттеуден бастап өндіріс пен коммерцияландыруға дейінгі толық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.

Депутат заң жобасын әзірлеу барысында түрлі пікірталастар мен қарсылықтар болғанын жасырмады. Соған қарамастан, Amanat фракциясы депутаттарының бастамасымен құжат дайындалған.

Аймағамбетовтің сөзінше, ендігі мақсат – заң жобасын қабылдап, оның тиімді іске асуын қамтамасыз ету екенін айтты.

Сонымен қатар ол бұл бағытта нақты жұмыстар басталып кеткенін атап өтті. Атап айтқанда, Берік Уәли жетекшілік ететін Абай облысы әкімдігі Курчатов қаласы бойынша кешенді жоспар жобасын әзірлеп, оны облыстық ғылым кеңесінде қараған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove