«Волонтерлік қызметті дамыту туралы» қабылданған заңға қазақстандықтарды игі істерге ынталандыруға бағытталған бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Мәселен, онда еріктілердің мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі құқықтарын кеңейту қарастырылған. Бұл туралы ІІМ Азаматтық қоғам істері комитетінің Қайырымдылық және волонтерлік жұмыс департаментінің бас сарапшысы Нұрлан Тілепбергеновтен білдік. Яғни, волонтерлік тәжірибесін растаған азамат жұмысқа орналасу кезінде басқа үміткерлерден артықшылыққа ие болады.
«Жаңартылған заң нормаларына сәйкес волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлік жеңілдетілген шарттармен беріледі. Атап айтқанда, қалалардың, облыстардың, аудандардың коммуналдық меншігіндегі мүлік кейіннен сатып алу құқығынсыз үкіметтік емес ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл ретте волонтерлік ұйым ҮЕҰ ретінде кем дегенде үш жыл бұрын тіркелуі керек», - деп түсіндірді бас сарапшы.
Ол тағы бір жағымды жайтты атап өтті: еріктілер қызметін дамыту туралы заңға «корпоративтік волонтерлік» ұғымы енгізілген. Соңғы жылдары ірі компанияларда корпоративтік волонтерлік белсенді дамып келеді, оның ішінде волонтерлік қызметке тікелей қатысатын, қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын және өткізетін ұлттық компаниялардың қызметкерлері мен бизнес өкілдері бар.
«Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір түрі. Тағы бір ынталандыру – бұдан былай ерекше көзге түскен еріктілер «Шапағат» медалімен марапатталады. Бұған дейін бұл сыйлықтытек меценаттар, қалталы азаматтар, қайырымдылық ұйымдары ғана алып келген болатын», – деді Нұрлан Тілепбергенов.
Білім және ғылым министрлігі де волонтерлік іс-шараларға қатысатын азаматтар мен ұйымдардың саны жыл сайын артып келе жатқанын хабарлады. Бұл ретте олардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың ауқымы кеңейе түскен. Мысалы, QazVolunteer.kz еріктілерге арналған бірыңғай ақпараттық платформа іске қосылған, онда 2021 жылы 49 986 ерікті тіркелсе, 2022 жылы олардың саны 51 154-ті құрап, 2,3 пайызға өсіпті. Сонымен қатар республикалық фронт-офис пен 17 аймақтық волонтерлік қолдау орталықтары өз жұмыстарын табысты жалғастыруда. Олар 600-ден астам ұйымның басын біріктіреді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Игі істер марафоны» жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылғаны есімізде. Ол да еліміздегі 3 миллионнан астам еріктіні бір бағытқа жұмылдырыпты. Нәтижесінде 5 миллион азаматқа жалпы сомасы 6,2 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Министрлік 2020 жылдан бастап «Біргеміз» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Оның жұмыс істеген уақытында 200 мыңға жуық ерікті қамтылған. Жобаның жұмысы туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Жасұлан Бейсембиев толығырақ әңгімелеп берді.
«2022 жылы жалпыұлттық Birgemiz жобасын жүзеге асыру аясында бірнеше волонтерлік жобалар қолдау тапты. Барлығы сегіз жоба бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі бағыттар мен салаларда еріктілік қызметті дамытуды қарастырады. Мысалы, Birgemiz: Bilim жобасы аясында республика бойынша тұрғындарға цифрлық технология саласындағы білімін жетілдіруге, тілдерді үйренуге, қаржылық, құқықтық сауаттылық пен басқа да дағдыларды арттыруға көмектесетін еріктілер жасағы құрылуда», – деді Жасұлан Бейсембиев.
Сол сияқты, Birgemiz: Saýlyq жобасы негізінен хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде және басқа да медициналық мекемелерде науқастарды күтуге көмектесу үшін медициналық университеттердің студенттерін тартады. Бұл ретте еріктілер үшін түрлі тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, олар осы бағыттағы іс-әрекеттерге үйретіледі.
Тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауға арналған «Біргеміз: Асыл мұра» жобасы тарихи орындарды абаттандыру мен күтіп ұстауға, жазда балаларға экскурсиялар өткізуге еріктілердің көмегін көрсетеді.
«Осы жоба аясында әрқайсысы шамамен 300 мың теңгеден шағын гранттар беріледі, ол қаржыға еріктілер түрлі іс-шаралар өткізе алады немесе арнайы сайттар аша алады. Қазірдің өзінде белгілі бір табиғи-тарихи нысандардың маңызын ашатын бірнеше интернет-алаңқайлар құрылуда», - деп түсіндірді Жасұлан Бейсембиев.
Оның айтуынша, Birgemiz: Qamqor жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру үшін еріктілер қарттар үйлеріне, орталықтарға тартылуда. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызметтері де назардан тыс қалмайды. Ұйымдастырушылар қандай ұйымдар мен мекемелерге қандай да бір көмек қажет екенін анықтап, әрі қарай жұмыс істеу үшін еріктілерге дер кезінде хабарлап отырады.
Волонтерлер Birgemiz: Sabaqtastyq жобасы аясында халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қиын өмірлік жағдайға тап болған жастармен және балалармен жұмыс істейді екен. Бұл негізінен волонтерлердің тәлімгерлік тәжірибесін арттыруға арналған.
«Біргеміз: Таза әлем» қоршаған ортаны қорғау жобасы аясында еріктілер өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауды үйрету бойынша іс-шаралар өткізеді. Birgemiz: Ayala жобасы адамдардың жануарларға деген жауапкершілігін, адамгершілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Birgemiz: Úmit жобасын іске асыру аясында із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге, сондай-ақ апат қаупін азайтуға және табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға атсалысамыз», - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілі.
Тағы бір бағыт – «күміс волонтерлік». Бұл тоғызыншы волонтерлік жоба. Сарапшы түсіндіргендей, жоба 50 және одан жоғары жастағы еріктілерді қолдауды қарастырады. Бұл қозғалыс кейбір аймақтарда біршама дамыған. Атап айтқанда, Астана, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында зейнетке шыққан еріктілер клубтары жұмыс істейді. Осы жоба аясында барлық аймақтарда үйлестірушілер бар. Олар адамдардың белсенділігін арттыруға, бір-бірін табуға көмектесуге, волонтерлікке деген қызығушылықтарын жоғалтпау үшін оларға түрлі тренингтер дайындауға тырысады.
Жасұлан Бейсембиевтің айтуынша, мемлекет еріктілердің құзіреттілігін арттыру, тәжірибе алмасу, сол арқылы олардың қызметінің тиімділігін жетілдіру үшін қаражат бөледі. Жалпы, волонтерлік – тікелей қаржыландыруды қажет етпейтін сала.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы төрағасының орынбасары атап өткендей, өңірлерде жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдарды қолдау құралдары бар. Бұл орайда, заң екі негізгі әдісті белгілейді. Бұл – мемлекеттік органдардың кейбір әлеуметтік маңызы бар істерге, соның ішінде волонтерлік қызметке қаржы бөлуі мүмкін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Ал екінші әдіс – гранттар.
«Гранттарды тек біз арқылы алуға болады. Біз – елдегі жалғыз оператормыз. Бірақ мемлекеттік тапсырысты ауылдық әкімдіктерге дейін кез келген мекеме бере алады. Ал соңғы жылдары бұл мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. Мысалы, 10 жыл бұрын елімізде жалпы көлем бірнеше жүз миллион теңге болса, қазір ол 20 миллиард теңгеден асты», - деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ төрағасының орынбасары.
Бұл ақша негізінен өңірлерде, атап айтқанда ішкі саясат, жастар саясаты, білім, табиғатты пайдалану басқармаларында игеріледі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінген әр аймақтың бюджеті бар, ол ҮЕҰ-ға үлестіріледі.