Депутат волонтерлерге еңбек өтілін енгізуді ұсынды

Қаракөз Амантай 18 нау. 2026 18:05

“Ауыл” партиясы фракциясының мүшесі Николай Арсютин Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға волонтерлік қызметті дамытуға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, 2026 жылғы 30 қаңтарда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен волонтерлер форумында “Ауыл Жастары” қозғалысының белсенділерімен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер көтерілген. Атап айтқанда, жастар волонтерлердің өмірін сақтандыру және олардың қызметін еңбек өтіліне есептеу мәселесіне ерекше назар аударған.

Арсютин өз сөзінде елімізде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда шамамен 50 мың волонтер болса, бүгінде олардың саны 300 мыңға жеткен. Қазіргі таңда 800-ден астам ұйым әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, ұлттық және 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істеп жатыр.

“Шын мәнінде, бұл – қоғам үшін маңызды істерге ерікті түрде үлес қосып жүрген азаматтардың үлкен тобы, олардың басым бөлігі – жастар. Осыған байланысты волонтерлік қызметті мойындау мен қолдау мемлекеттік жастар және әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты болуы тиіс”, – деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда волонтерлік қызмет 2016 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған “Волонтерлік қызмет туралы” заңмен реттеледі. Алайда бұл заң волонтерлікті тек әлеуметтік белсенділік ретінде қарастырып, оны еңбек қызметіне теңестірмейді. Соның салдарынан волонтерлік қызмет еңбек өтіліне кірмейді және еңбек немесе сақтандыру құқықтарын қалыптастырмайды.

Депутат қолданыстағы заңнамада тек волонтерлік сағаттарды есепке алу, білім беру гранттарына түсу кезінде артықшылық беру және мемлекеттік қызметке орналасуда тәжірибені ескеру сияқты ынталандыру тетіктері қарастырылғанын айтты.

Сонымен қатар оның сөзінше, волонтерлерді міндетті сақтандыру мәселесі де заңмен толық қамтылмаған. Қазіргі кезде мұндай сақтандыру тек азаматтық-құқықтық келісімшарт аясында ғана қарастырылып, ерікті сипатта жүзеге асырылады.

Арсютин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Жастар жылының жабылуында волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне есептеу қажеттігін атап өткенін еске салды. Бұл бағыттағы ұсыныстар 2020 жылы бекітілген Волонтер жылының іс-шаралар жоспары аясында да қаралған.

Депутаттың пайымынша, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан 2024–2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту жол картасында заңнаманы жетілдіру мен есеп жүйесін енгізу қарастырылғанымен, волонтерлік қызметті еңбек өтіліне енгізу немесе қосымша әлеуметтік кепілдіктер беру мәселелері нақты көрініс таппаған.

Ол сондай-ақ биыл аталған жол картасының аяқталатынын және Президент тапсырмасымен 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламалық құжат әзірленетінін атап өтті.

Халықаралық тәжірибеге тоқталған депутат көптеген елдерде волонтерлік қызмет еңбек өтіліне енгізілмейтінін, бірақ еріктілерді ынталандырудың түрлі тетіктері қолданылатынын айтты. Мәселен, Чехияда еріктілерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру заңмен бекітілген.

Осыған байланысты Николай Арсютин Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.

“Волонтерлік қызметке тұрақты түрде қатысатын азаматтар үшін еңбек өтілін есептеуде волонтерлік сағаттарды ескеретін пилоттық жобаны іске қосу орынды деп санаймыз”, – деді ол.

Сонымен қатар депутат Үкіметке волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне енгізудің пилоттық механизмін қарастыруды; волонтерлерді сақтандыруды қоса алғанда, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын енгізуді; волонтерлік қозғалысты институционалды дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove