Елде ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа тәсілі дайындалып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бұл тәсіл 2026 жылдың соңына дейін бекітіліп, 2027 жылдан бастап қолданысқа енуі ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа есептеу әдісі екі негізгі көрсеткішке сүйенеді: еңбек өнімділігі мен медианалық жалақы. Құжат Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігіне жолданып, қазір сарапшылармен талқыланып жатыр.
Қазіргі ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде. Министрдің сөзінше, бұл көрсеткіш өссе, барлық есептеу осы базадан басталады. Соның нәтижесінде бюджет саласындағы да, жекеменшік сектордағы да жалақы мөлшері артады.
Мысалы, ең төменгі жалақы 95 мың теңгеге дейін көтерілсе, жалақыны есептеу осы сомадан бастап жүргізіледі. Оған қызметкердің еңбек өтілі, атқаратын қызметі мен лауазымы қосылып, жалпы табыс көлемі анықталады.
