Қазақстанда екі мыңнан астам есірткі қылмысының жолы кесілді

Қазақстанда екі мыңнан астам есірткі қылмысының жолы кесілді
gov.kz

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш ай ішінде 2 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде төрт ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, заңсыз айналымнан 21 тонна есірткі тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Операция барысында Шу алқабына ерекше назар аударылған. Аумағы 60 мың гектардан асатын бұл өңір есірткі қылмысымен айналысатындардың назарын жиі аударады. Сонымен қатар оңтүстік өңірлердегі құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіруге қолайлы алқаптар да бақылауға алынған.

Құқық қорғау органдары қылмыстарды анықтау және жолын кесу үшін арнайы күштер мен техниканы жұмылдырған. Іс-шараға ұшқышсыз ұшу аппараттары, авиация және ғарыштық мониторинг құралдары тартылды.

Министрлік дерегіне сәйкес, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 256 фактісі тіркелген. Сондай-ақ ондаған есірткі плантациясы жойылды.

Бұдан бөлек, тұрғын үй массивтерінде тыйым салынған өсімдіктерді жасанды жағдайда өсіруге арналған 25 фитозертхана анықталып, олардың қызметі тоқтатылған.